Қоғам

Алматыда әйелін пышақтап өлтірген полицейдің сол күні жұмыста болғанын дәлелдейтін құжат бар

21:36, 06 мамыр 2025 148

Алматыда әйелін пышақтап өлтірген полицей қанды қылмысты жұмыс уақытында жасаған болып шықты деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Біздің редакцияға мұны дәлелдейтін құжат келіп түсті. Алматы облыстық полиция департаменті қызметкерлерінің жұмыста болған уақыты белгіленген қағазда Серік Нахимовтің сол күні, яғни, 3 мамырда жұмыста болғаны анық көрсетілген. Яғни, таңғы 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін Алматы-Бішкек трассасында қызметте болуы тиіс болған.

Алайда, күдікті таңертең жұмысқа келгенімен, түсте белгісіз себеппен кетіп қалған. Сол уақытта ол Шұғыла ықшамауданындағы пәтеріне барып, әйелін пышақтап, артынша өзінің мойнын суық қарумен орып жіберген болатын. Жантүршігерлік қылмысты ол 3 баласының көзінше жасаған.

Ал, мамырдың бірі және екісі күндері 39 жастағы ер адам денсаулығына байланысты жұмыста болмапты.

Осылайша, Алматы қалалық полиция департаменті таратқан ақпараттың шындыққа жанаспайтынын байқауға болады. Ондағылар күдіктінің Алматы облысының полиция департаментіне қарасты бөлімшелердің бірінде қызмет еткенін растағанымен, бұған дейін қызметінен қуылған деген еді.

Қазір Серік Нахимов күзеттің бақылауымен ауруханада жатыр. Ол жансақтау бөлімінен хирургия бөлімшесіне ауыстырылған. Денсаулығы орташа ауыр жағдайда дейді дәрігерлер.

Қайғылы оқиға өткен сенбіде орын алған еді. Күйеуі аяусыз пышақтаған 34 жастағы әйел алған жарақаттарынан сол жерде тіл тартпай кеткен. Ол Ұзынағаш ауылында балабақша директоры болып қызмет етіпті. Ал, кикілжіңге отбасылық жанжал себеп болған.

Көрші-қолаң ерлі-зайыптының жиі жанжалдасқанын естігендерін мәлімдеді. Қазір қанды қылмысқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз