Алматыда әйелін пышақтап өлтірген полицей қанды қылмысты балаларының көзінше жасаған. Көрші-қолаңды шырылдап көмекке шақырған да сол кішкентай ұл-қыздар екен деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Қанды оқиға болған Шұғыла ықшамауданындағы пәтердің есігі қазір мөрленген. Ал, күдіктінің беті бері қарап, жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылыпты. Дәрігерлер оның денсаулығын орташа ауыр деп бағалап отыр.
Сорақысы сол, мұның бәрі кішкентай ұл-қыздардың көз алдында болған. Ерлі-зайыптының 3 баласы бар екен. Көршілерін көмекке солар шақырған.
Шу болды үй жақта жүрген кезімізде. Сосын көмек сұрады кішкентай қыздары мен үлкен балалары. Сонымен, үйден шығып бардым. Барсам, жаңағы жағдай болып жатыр. Пышақтаған. 103 пен 102 шақырылды. Олар 4-5 минуттың ішінде келіп, ары қарай көмек көрсету басталды, - деді көршілердің бірі.
Ал, кикілжіңге отбасылық жанжал себеп болған. Көрші-қолаң олардың жиі ұрысқанын, ал күдіктінің ішімдікке әуес болғанын айтып отыр.
Бұл ер адамның жиі ішімдік ішкені туралы білдім. Ол полиция қызметкері болған. Сол пәтерде үнемі төбелес болатын. Яғни, ерлі-зайыпты үнемі жанжалдасып жататын, - деді көпқабатты үйдің тағы бір тұрғыны.
Десе де, ресми мәліметке сүйенсек, 39 жастағы күдікті сол күні сап-сау болған. Қазір полицейлер істің мән-жайын анықтауға тырысуда. Қылмыстық іс қозғалған. Қанды оқиға сенбі түскі уақытта болған. Ер адам өз пәтерінде әйелін пышақтап өлтірген. Кейін өз-өзіне қол салған. Ол тірі қалды.
Бейресми мәлімет бойынша, қанды қылмыс жасаған полицей жұмыстан шығарылмаған, тіпті сенбі күні түсте тәуліктік кезекшіліктен шыққан көрінеді. Десе де, Алматы қалалық полиция департаменті оның полицияда қызмет еткенін растағанымен, бұған дейін жұмыстан шығарылған деп отыр.