Алматыда әйелін пышақтап өлтірген полицей бұған дейін жұмыстан шығарылған. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті мәлімдеді деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Күдікті бұған дейін Алматы облысы ПД-де қызмет атқарған, алайда теріс себептермен жұмыстан босатылған. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде, - делінген Алматы қалалық ПД хабарламасында.
Алайда, біздің сенімді дереккөз әйелін пышақтап өлтірген полицейдің жұмыстан шығарылмағанын, тіпті бүгін түсте тәуліктік кезекшіліктен шыққанын мәлімдеді. Күдікті түске дейін Алматы-Бішкек трассасында қызметте болған.
Ал, Алматы облыстық полиция департаменті болған жағдай туралы ешқандай ақпарат бермей отыр.
Еске салайық, қайғылы оқиға бүгін түскі уақытта Шұғыла ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Полицияға көмек сұраған әйелдің даусын естіген көршілер хабарласқан.
Оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы отбасылық жанжалдан соң, 40 жастағы ер адамның әйелін пышақтап тастағанын анықтаған. Жәбірленуші сол жерде тіл тартпай кеткен. Кейін күдікті өз-өзіне қол салмақ болған. Яғни, тамағын пышақпен орып жіберген.
Қан-жоса болған күдікті осыдан соң ауруханаға жеткізілген. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.
Бізде бар мәліметке сәйкес, әйелін пышақтап өлтірген қаскөй Алматы облысында жол-патрульдік полиция батальоны құрамында қызмет еткен.
Ал, 34 жастағы келіншек Ұзынағаш ауылындағы балабақшада директор болған екен. Екеуінің ортақ некесінен 3 баласы бар.