Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде (РФММ) оқушылардың жаппай улануынан кейін басшылық ауысты. Бұған дейін оқу орнын басқарған Мейірлан Мейірбек қызметінен кетіп, оның орнына Алмаз Күнғожин тағайындалды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Мектептің баспасөз қызметі бұрынғы директордың өз еркімен жұмыстан кеткенін мәлімдеген. Алайда бұл шешімнің нақты себептері туралы қосымша ақпарат берілмеді.
Жаңа басшы Алмаз Күнғожин – осы мектептің түлегі. Ол 2018–2023 жылдары Алматыдағы РФММ директоры қызметін атқарған. Бұған дейін математика пәнінен сабақ беріп, оқушыларды республикалық және халықаралық олимпиадаларға дайындаумен айналысқан. Мектептің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, Күнғожин 2023 жылдың қыркүйегінен бастап РФММ басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Еске салайық, қазан айында Алматыдағы РФММ-де оқушылар жаппай уланған болатын. Жіті ішек инфекциясының белгілерімен 58 оқушы ауруханаға жатқызылды. Кейін олардың барлығы емделіп, үйлеріне шығарылды.
Тексеру барысында мектеп асханасындағы азық-түлікті сақтау және тамақтандыруды ұйымдастыру талаптарының бұзылғаны анықталды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Жаппай уланудан кейін мектеп уақытша қашықтан оқыту форматына көшірілді. Алдын ала жоспар бойынша, 16 қарашадан бастап қалада тұратын оқушылар дәстүрлі форматта білім алады. Интернат тәрбиеленушілері әзірге онлайн оқуды жалғастырады. Олардың интернатқа оралуы асхана жұмысының қалпына келуіне байланысты.