Алматыда 18 жастағы Қазақстан-Британ техникалық университетінің студенті Нұрислам Ақылбеков із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Студенттің туыстарының айтуынша, жігіт 2 шілде күні тауға шығып, сол күйі оралмаған.
18 жастағы жігіт достарына жалғыз емес екенін, жанында тағы бір досы бар екенін ескерткен. Алайда Нұрислам досының аты-жөнін айтпаған. Студент жоғалғаннан кейін бірнеше күн өткен соң, оның туыстары полицияға жүгінді.
«2 шілде күні сағат 15:02-де жігіт Алма-Арасаннан өтті. Оның телефоны 4 шілдеде сағат 21:59-да Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясы маңында сөндірілді», — деп мәлімдеді ТЖМ.
Таудағы іздеу шаралары жүріп жатыр. Жастарды Алматы ПД, ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының қызметкерлері, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің өкілдері мен еріктілер іздеп жатыр.
7 шілде күні сағат 13:50-де Алматы қаласының санитарлық авиация қызметінің тікұшағы да іздеуге шықты. Экипаж құрамында төрт адам бары айтылды.