Алматы қаласының Түрксіб ауданында болған қайғылы оқиға 12 жастағы баланың өлімімен аяқталды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 10 маусым күні кәмелетке толмағандар арасында жанжал туындап, оның барысында 12 жастағы жасөспірім пышақ жарақатын алған. Зардап шеккен бала ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Алматы қалалық Полиция департаменті аталған факті бойынша 13 жастағы жасөспірімнің ұсталғанын хабарлады. Тергеу мәліметінше, күдікті мен марқұм бір-бірін бұрыннан таныған.
Қазіргі уақытта күдікті арнайы мекемеге орналастырылған. Адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ құқық қорғау органдары тергеу нәтижесіне сәйкес күдіктінің ата-анасының бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілігі мәселесін де қарастыратынын мәлімдеді.