Қоғам

Алматы облысындағы өрттен үш адам қаза тапты

23:17, 31 тамыз 2025 37

Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Тұрар ауылы маңында құрғақ шөп өртеніп, жалын 30 гектар аумақты шарпыды. Оқиға орнынан үш адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 30 тамыз күні сағат 15:50-де түскен.

Оқиға кезінде 7 саяжай үйі, 6 шаруашылық құрылысы, жалпы аумағы 531 шаршы метр нысан, Honda Civic автокөлігі, шөп қора мен 132 шаршы метрлік қора-жай және 80 шаршы метр тұрғын үй отқа оранды.

Өрт аумағын тексеру кезінде үш адамның күйіп кеткен мәйіті табылды. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Алматы облысы ТЖД бөлімшелерінің жедел әрекеті арқасында өрт 00:20-да толықтай оқшауланды. Өрттің себебін анықтау үшін арнайы тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

ТЖД мәліметінше, осыған дейін Шамалған ауылдық округіндегі мемлекеттік жер қорында шамамен 15 гектар аумақта құрғақ шөп жанған. Қазір құтқарушылар таудағы өртпен күресіп жатыр.

«Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы 8 рет су шашып үлгерген. Жалпы 147 адам мен 21 техника өртті сөндіруге жұмылдырылды.

ТЖД бастығы оқиға орнында болып, жұмыстарды жеке өзі үйлестіруде. Құтқарушылар тәулік бойы еңбек етіп, халыққа қауіп төндірмеу және жабайы жануарларды қорғау үшін әрекет жасауда. Қазір жағдай бақылауда, елді мекендерге қауіп жоқ.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз