Емші Бақдагүл Лепесоваға қатысты іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Жала жабу» бабы бойынша қаралды. Құқық бұзушы кінәлі деп танылып оған 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бұл туралы Kazinform жазды.
Іс Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Ақтөбе қаласы полиция басқармасының учаскелік инспекторы Ұлан Есжановтың айтуынша биыл 15 мамырда E-Otinish порталы арқылы Баян Алагузова мен Динара Сәтжаннан Бақдагүл Лепесоваға қатысты арыз түскен.
Бір күннен кейін олардың қорғаушылары инспекторға бейнежазбаны ұсынған. Сол кезде Бақдагүл Лепесова Астана қаласында болған. 25 мамырда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылған.
Кейін іс материалдары оның ішінде бейнежазба сот сараптамасына жіберілді. Сараптама нәтижесінде жала жабу фактісі расталды. Іс 20 шілдеде сотқа жолданды.
Сот отырысында құқық бұзушы Бақдагүл Лепесова өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтып мұндай бейнежазбаны өз парақшасына жарияламағанын мәлімдеді.
— Менің өз әлемім бар. Бұл адамның әлемін түсінбеймін. Маған тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамаймын. Бейнежазба менің парақшамда тұр ма? Жоқ. Егер менің парақшам болмаса бұл адамдар алдында қалай жауап бере аламын? Мұндағы нәрсе менікі емес. Басқа біреудің әрекеті үшін жауап бере алмаймын, — деді Бақдагүл Лепесова.
Оның қорғаушысы да сотта бейнежазбалардың монтаждалуы немесе жасанды интеллект көмегімен жасалуы мүмкін екеніне қатысты негізді дәлелдер келтірілгенін айтты. Сонымен қатар ол сараптама қорытындысын заңсыз деп тануды және бейнежазбаны жариялаған екі аккаунттың иелерін тауып сотта жауап алуды сұрады.
Арызданушы Баян Алагузова сот отырысына онлайн қатысты. Ол бейнежазбаның ар-намысы мен қадір-қасиетіне тигенін айтып құқық бұзушыны кешірмейтінін және медиациялық келісімге бармайтынын мәлімдеді.
— Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан азаматының ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға және таптауға болмайды. Мені қорлады әрі кемсітті. Мұндай сөздерді естуге лайық емеспін. Мұны барлық порталдан көрдім. Соның кесірінен тіпті TikTok-тағы аккаунтымды өшіріп тастадым. Тұлға ретінде адам ретінде бұл жағдай рухыңды жаншып тастайды. Менің есірткіге тәуелді екенім мемлекеттен ақша алатыным жігіттер жалдап өз қажетіме ақша жұмсайтыным айтылды. Мені қатты қорлап жала жапты. Әділ шешім шығарып Лепесованы жазалауды сұраймын. Кез келген сараптама тіпті қарапайым адам да бұл бейненің жасанды интеллект арқылы жасалмағанын дәлелдей алады. Оның кешірім сұрауы маған қажет емес мен оны кешірмеймін. Медиациялық келісімге бармаймын. Бұл жағдай баршаға сабақ болса деймін. Қазір интернетте адамдарды қорлап кемсіту көбейіп кетті. Ал біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Осы сот және басқа соттар арқылы әлеуметтік желілерде ешкімнің ешкімді қорлауға құқығы жоқ екенін көрсету керек, — деді ол.
Сот қаулысымен Бақдагүл Лепесова кінәлі деп танылды.
— Бақдагүл Лепесованы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп тану. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 58-бабына сәйкес оған 1 557 000 теңге көлемінде түпкілікті әкімшілік айыппұл салынсын. Айыппұл 30 тәуліктен кешіктірілмей төленуі тиіс, — деді судья Анар Айтжанова.
Айта кетейік Бақдагүл Лепесоваға қатысты қылмыстық іс те тіркелген. Іс Астанада Қылмыстық кодекстің «Қорлау» бабы бойынша қаралып жатыр.