Ақтөбеде өзін АҚШ-тың отставкадағы әскери офицері ретінде таныстырған алаяққа сеніп қалған 62 жастағы әйел 1 миллион теңгесінен айырылды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Облыстық полицияның мәліметінше, зейнеткер әлеуметтік желі арқылы шетелдік азаматпен танысқан. Ер адам өзін америкалық отставкадағы әскери қызметкер ретінде таныстырып, біраз уақыт бойы әйелмен тұрақты түрде хат алмасып жүрген.
Кейін ол уақытша қаржылық қиындыққа тап болғанын айтып, қарызға ақша сұраған. Сондай-ақ Қазақстанға келген соң барлық қаражатты толық қайтаратынына сендірген.
Әңгімелесушісінің сөзіне сенген әйел бірнеше аударым арқылы күдіктінің есепшотына жалпы көлемі 1 миллион теңге жіберген.
Алайда ақша түскеннен кейін шетелдік байланысын тоқтатқан. Осыдан кейін ғана әйел алаяқтықтың құрбаны болғанын түсініп, полицияға арызданған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарға интернет арқылы танысқан адамдарға ақша аудармауға, жеке және банк деректерін бөгде адамдарға бермеуге және күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарауға кеңес береді.