$ 464.86
 544.03
 6.14

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кешен қалай жұмыс істеп тұр?

Редактор
04.03.2026, 10:59
Ақтөбе облысы әкімдігі
Ақтөбе облысы әкімдігі
 Жобаның жалпы құны 3,2 млрд теңгені құрайды. Кешен іске қосылуымен 106 жаңа жұмыс орны ашылды. 

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Қуат» инклюзивті спорт кешені келушілерге сапалы қызмет көрсетеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Жылдың басында пайдалануға берілген нысанның жалпы аумағы 4 855 шаршы метрді құрайды. Кешенде жүзу бассейні, әмбебап спорт залы, күрес залы, жаттығу құрылғылары орнатылған бөлмелер, үстел теннисі залы және ашық спорт алаңдары қарастырылған. Мұнда келушілер спорттың 20-дан астам түрімен шұғылдана алады.

Паралимпиадалық бағыттар қатарында жеңіл атлетика, жүзу, отырып ойнайтын волейбол, пауэрлифтинг, үстел теннисі, парадзюдо, оқ ату, арбадағы теннис, голбол, бочча және паратаэквондо бар. Сонымен қатар сурдлимпиадалық спорт түрлері – футзал, күрес, дзюдо, бадминтон, шахмат, үстел теннисі, жүзу, таэквондо және өзге де бағыттар қамтылған. Бұдан бөлек, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, армрестлинг сияқты паралимпиадалық емес спорт түрлерімен де айналысуға жағдай жасалған.

Кешеннің ашылуы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тек спортпен шұғылдануға емес, әлеуметтік ортаға бейімделуге де жаңа мүмкіндік беріп отыр. Осында жаттығып жүрген тұрғындардың бірі спорттың өміріндегі орнын ерекше атап өтті.

– 2008 жылы көзіме глаукома дерті диагнозы қойылды. Алдымен оң көзім, кейін екі жылдан соң сол көзім көрмей қалды. Біраз уақыт медицина саласында білім алып, массажист болып жұмыс істедім. Қазір екі баланың анасымын. Спортқа келгеніме төрт жылдай болды. Бұған дейін әр жерде, соның ішінде академияда жаттығатынбыз. Ал бұл кешеннің ашылуы – біз үшін үлкен мүмкіндік. Ең бастысы – бәріміз бір жерде жиналып, бірге жаттығамыз, араласамыз. Бұл өте маңызды, – деді ол.

Оның айтуынша, көру қабілетінен айырылған жандар үшін қоршаған ортаны қабылдау өзгеше қалыптасады.

– Біз адамдарды көбіне дауысынан танимыз. Сөйлегені, күлкісі, жүрісінен ажыратамыз. Уақыт өте келе бәрін жаттап аласың. Сол арқылы бағыт-бағдарымызды табамыз, – деді спортшы.

Ол алдағы уақытта спортта үлкен жетістіктерге жетуді мақсат ететінін жеткізді.

– Қазір тек алға ұмтылып келемін. Жасыма да, басқа жағдайларға да қарамай, спортта жоғары деңгейге жеткім келеді, – деді ол.

Жобаның жалпы құны 3,2 млрд теңгені құрайды. Кешен іске қосылуымен 106 жаңа жұмыс орны ашылды. Мұндай нысандардың салынуы елімізде инклюзивті қоғам қалыптастыруға және мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып саналады.

Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақстанда параспорт пен инклюзивті инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді.