Әлеуметтік желілерде тараған Ақтөбе облысындағы құрылыс алаңынан түсірілген ақпарат пен видеоға қатысты мердігер компания жауап берді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Видеода Жем өзені арқылы салынып жатқан көпірдің бір арқалығының құлағаны көрсетілген. Аталған нысанның бас мердігері — «Сервис НС» ЖШС.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Мердігер компания жедел түрде ресми түсініктеме беріп, болған жағдайдың технологиялық мән-жайын түсіндірді:
— Видеоматериалдың шынында да Ақтөбе облысындағы «Жем өзені арқылы өтетін көпірді күрделі жөндеу» нысанында түсірілгенін растаймыз.
Аталған нысан қазіргі уақытта пайдалануға берілмегеніне және құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде екеніне назар аударамыз.
Жұмыс жүргізілген сәтте ұзындығы 42 метр болатын ВТК-42 темірбетон арқалықтарын монтаждау жұмыстары атқарылған. Жұмыс барысында арқалықтардың бірінен зақым анықталып, содан кейін белгіленген тәртіпке сәйкес оны ауыстыру туралы шешім қабылданған.
Зақымданған арқалықты құрылыс нысанының құрамында одан әрі пайдалану көзделмеген және ол демонтаждалған. Кейіннен ол кәдеге жаратуға жіберілген. Telegram-арнасында жарияланған видеоматериалда дәл осы арқалықты демонтаждау және кейіннен кәдеге жарату процесі түсірілген.
Осылайша, видеожазбада көрсетілген жағдай — түсірілім кезінде құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысанда жүзеге асырылған технологиялық процестің бір бөлігі. Бұл дайын нысанды пайдалану кезіндегі жағдай емес.
«Сервис НС» ЖШС қолданылатын материалдар мен орындалатын жұмыстардың сапасын жобалық құжаттама мен қолданыстағы құрылыс нормаларының талаптарына сәйкес бақылайды. Материалдың зақымдануы немесе оның белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі анықталған жағдайда, мұндай материалды одан әрі пайдалануға жол берілмейді және ол белгіленген тәртіппен ауыстырылуға тиіс.
Видеоматериалда көрсетілген құрылыс процестеріне баға берген кезде оның толық мән-жайын және нысанның іске асырылу кезеңін ескеруді сұраймыз.