Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңда «Аманат» партиясының мүшесі емес және партия қызметіне араласпайды. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай мәлімдеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Азаттықтың сауалына жауап берген Үкібай Назарбаевтың партиядағы қазіргі үдерістерге қатысы жоқ екенін айтты.
«Нұрсұлтан Әбішұлының партияға қандай қатысы бар? Ол кісі президент ретіндегі өкілетін 2019 жылы тоқтатқан», – деді баспасөз хатшысы.
Сондай-ақ оның сөзінше, экс-президент бүгінде саясатпен айналыспайды.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы президенттік қызметінен кеткенімен, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейін Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және сол кездегі «Нұр Отан» (қазіргі «Аманат») партиясының төрағасы қызметтерін атқарған.