$ 457.21
 534.62
 6.08

Абай университетіндегі «Ашық есік күні» апталығына мыңға жуық талапкер қатысты

Редактор
29.04.2026, 10:00
GOV.KZ
GOV.KZ
 Қазіргі таңда 20 мыңнан астам студент қара шаңырақта білім алып жатыр. 

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде талапкерлерге арналған «Ашық есік күні» апталығы өз мәресіне жетті.

23-29 сәуір аралығында өткен ауқымды іс-шараға Алматы қаласы мен облыс аудандарынан мыңға жуық талапкер қатысып, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты.

Апталық барысында университеттің әр факультетінде арнайы таныстырылымдар ұйымдастырылып, білім беру бағдарламалары мен мүмкіндіктері жан-жақты насихатталды. Қорытынды жиында факультеттер жәрмеңкесі өтіп, талапкерлер өздерін қызықтырған мамандықтар бойынша толық ақпарат алды.

Салтанатты ашылу рәсімінде университеттің Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова талапкерлерге жылы лебізін білдіріп, ашық есік күніне қатысушыларды құттықтады.

– Қазіргі таңда 20 мыңнан астам студент қара шаңырақта білім алып жатыр. Университет халықаралық рейтингтерде алдыңғы орындардан көрініп келеді. Білім беру бағдарламалары заманауи талаптарға сай әзірленген, студенттер үшін кең мүмкіндіктер қарастырылған. Халықаралық байланыстар нығайып, жастарға жаңа білім мен тәжірибе жинауға жол ашық, – деді Бану Нарбекова.

Іс-шараға арнайы қатысқан Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Тоқтарбекұлы талапкерлерге сәттілік тілеп, білім алудың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу барысында ҰТ сарапшысы Фархат Сұлтабаев талапкерлерге ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырудың тиімді әдістерімен бөлісті.

– Тестілеуді сәтті тапсыру үшін үш айналым стратегиясын қолдануға кеңес беремін. Алдымен ең оңай сұрақтардан бастау керек. Кейін тестті талдап, қателермен жұмыс жүргізу маңызды. Соңында әр тестке аналитикалық сараптама жасап, қайта-қайта орындау арқылы машықтану қажет, – деді сарапшы.

Жиын барысында Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Гүлжахан Иманхатова бұл іс-шараның талапкерлер үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Сондай-ақ университет түлегі, Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев жас түлектерге ақ жол тілеп, «Гәкку» халық әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Іс-шара аясында Жаратылыстану және география факультетінің 3-курс студенттері «Химия – таңғажайып әлем» атты эксперименттік шоу ұсынып, ғылымның қызықты қырларын көрсетті. Ал Дене шынықтыру кафедрасының студенттері джиу-джитсу өнерінен шеберлігін паш етті.

Сонымен қатар Абай университетінің білім алушылары Нұршапағат Сәулет пен Өмірзақ Әмір орындаған «Абайымнан тапқаным» әні кештің көркін қыздыра түсті.

Іс-шара соңында талапкерлер арасында викториналық ойын ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға арнайы имидждік сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, Абай атындағы ҚазҰПУ – отандық білім-ғылымның қара шаңырағы, Орта Азиядағы жетекші педагогикалық жоғары оқу орындарының бірі. Ғасырға жуық тарихында 250 мыңға жуық жоғары білімді маман даярлап, елдегі білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Университет педагогикамен қатар менеджмент, құқық және заң бағыттары бойынша да мамандар дайындайды.