$ 453.87
€ 508.33
₽ 5.65

Абай сыйлығын беру тәртібі түбегейлі өзгереді: Ерлан Қарин мәлімдеме жасады

Редактор
02.11.2026, 11:28
әлеуметтік желіден
әлеуметтік желіден
Ерлан Қарин Абай сыйлығы неге табысталмағанын түсіндірді

Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Ерлан Қарин 2026 жылы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың не себепті ешкімге берілмегенін түсіндірді. Оның айтуынша, байқауға ұсынылған туындылардың ешқайсысы комиссия мүшелерінің басым қолдауына ие болмаған, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.

Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның төрағасы Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында қабылданған шешімге қатысты пікір білдірді. Ол байқауға қатысқан шығармашылық өкілдерінің еңбегін жоғары бағалайтынын, алайда мемлекеттік сыйлық адамның атақ-абыройына емес, нақты туындысына берілуі керектігін атап өтті.

«Конкурсқа түскен үміткерлердің барлығын сыйлаймыз, құрметтейміз. Олар төл руханияттың дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан белгілі тұлғалар. Өзім де бірқатарын жеке танимын. Бірақ Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық. Осының аражігін ажыратып алған дұрыс. Атақты біреуге ұнау немесе жағу үшін, ренжіп қалмасын деген себеппен беретін болсақ, өнер одан дамымайды, бұл атақтың мәртебесі артпайды», – деп жазды Ерлан Қарин.

Вице-Президенттің мәліметінше, комиссия ұсынылған барлық шығарманы дауысқа салған. Алайда бірде-бір жұмыс айқын басым дауыс жинай алмаған. Керісінше, туындыларды қолдамағандар мен қалыс қалғандардың үлесі басым болған. Қарин мұндай жағдайдың бұрын да кездескенін еске салды. Мәселен, 2023 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлық лайықты жұмыстардың болмауына байланысты берілмеген. Сонымен қатар комиссия отырысында Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты беру тәртібін түбегейлі өзгерту мәселесі көтерілген. Ерлан Қарин қазіргі ережелер заман талабына сай келмейтінін айтып, сыйлықтың мазмұны мен іріктеу талаптарын қайта қарау қажеттігін жеткізді.

«Мемлекеттік сыйлықты беру тәртібі қазіргі кезеңнің талаптарына сәйкес келмейді. Сыйлықтың талап, тәртібі ғана емес, мазмұны мен сипаты да өзгеруі керек. Мысалы, әлемдегі ең беделді Нобель сыйлығы 50 не 70 жасқа толғаны үшін емес, жаңалық пен жаңашылдық үшін беріледі. Сол сияқты Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты мерейтой иесіне, үміткердің материалдық жағдайына және басқадай себептерге байланысты ұсыну жалпы дұрыс емес. Сондықтан, мемлекеттік сыйлық тәртібі мен ережесіне үлкен өзгеріс енгіземіз», – деді ол.

Ерлан Қариннің айтуынша, 2000 жылдардан бері Абай атындағы мемлекеттік сыйлық 60-қа жуық шығармашылық өкіліне табысталған. Сонымен бірге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен лауреаттарға берілетін ақшалай сыйақы көлемі ұлғайтылған. Вице-Президент мемлекеттік сыйлықтың беделі мен қаржылай қолдауы артқан сайын оған ұсынылатын туындылардың көркемдік деңгейі мен жаңашылдығына қойылатын талап та жоғары болуы тиіс екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау