ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, абайтанушы Ғарифолла Есім Абайды тану және "ұлы Абай", "Абай ілімі" тіркестерін қолдану туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мағжан Жұмабаев Абай туралы "Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес" деп айтады. Бұл – он ғасыр. 10 ғасырдан кейін адамдар "Біз Абайды түсіндік пе, түсінбедік пе?" деп айтады. Бізде "Абайды таныдық" деген абайтанушылар бар. Абай сияқты адамды ешқашан танып болмайсың. Немістің Гётесі бар. Оны әлі зерттеп жатыр. Гёте "Фауст" поэмасын өмір бойы жазды. Сол секілді Байрон да, Лермонтов та әлі зерттеліп жатыр. Бұлар – сарқылмайтын бұлақ. Бұлақ көзі ашылды. Енді бұл бұлақ сарқылмайды, таусылмайды, – деді Ғарифолла Есім.
Абайтанушы қазіргі кезде Абайды түсіну болмай отырғанын айтады.
Бүгінгі қоғамға Абайды түсіну үшін білім, сауат жетпейді. Қазіргі адамдар ақынды "Абай былай айтты, екі де екі төрт" деген сияқты түсінгісі келеді. Абай олай айтылмайды. Дүние күрделі, оны түсіну керек. Абайды түсіну үшін оны оқу керек, - деді ол.
Сондай-ақ Ғарифолла Есім қоғамда кең таралған "Абай ілімі", "ұлы Абай" деген тіркестерді сынады.
"Абай ілімі" деп айту – дұрыс емес. Өйткені Абай ілім жасап, жаңа дін шығарған жоқ. Ол – Алланы таныған, исламды терең түсінген хакім. "Ұлы" деген де Алла Тағаланың сипаттарының бірі. Абай – хакім, ақын, ойшыл, бірақ "ұлы" деп айту орынсыз. Мағжан Жұмабаев оны "хакім" дейді. Сол – дұрыс атау, - деді ол.
Айта кетейік, биыл Қазақстан халқы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жылдық мерейтойын тойлап жатыр.