Соңғы жылдары трансформациялық ойын деген сөзді жиі құлағымыз шалатын болды. Бұл психология саласында кең қолданылатын құралға айналды. Ақтөбе қаласындағы №78 орта мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлназ Қайдасова – осы психологияны әдебиетпен байланыстыра білген жан.
Өзіңіз ойлап тапқан трансформациялық ойын туралы айтып берсеңіз? Оның ерекшелігі неде?
Мен «Жаңа адам» трансформациялық ойынының авторымын. Оның негізгі ерекшелігі – ойын толығымен Абайдың өлеңдерінен, қара сөздерінен және Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы үзінділерден құрастырылған.
Психологтар қазақ әдебиеті мен психологияны байланыстырып жасалған трансформациялық ойынның біздің елде бұрын-соңды болмағанын айтып отыр. Бұл ойын Абай арқылы адамның өзін-өзі тануына, өзінің ішкі мүмкіндіктерін анықтауға, өзімен өзі бетпе-бет келуге, шешімін таппай қалған мәселелерді қайтадан ой елегінен өткізуге және алдағы жоспарларын бекітуге көмектеседі.
«Жаңа адам» трансформациялық ойынын жасап шығару туралы идея қайдан туды?
Жыл сайын еңбек демалысына шыққанда міндетті түрде оқитын көркем шығармаларымның тобын «Абай жолы» романы бастап тұрады. Бала күнімнен Абай десе ішкен асын жерге қоятын адаммын. 2 жыл бұрын Сәндігүл Байдуашева деген ақтөбелік кәсіби психолог құрбыммен кездесіп қалдым. Екеуміз шай ішіп отырғанда ол Пушкиннің «Стихия» деген трансформациялық ойыны барын айтты. Яғни, Пушкиннің шығармаларынан құрылған ойын. Сол кезде мен де Абайдың шығармаларын үзбей оқитынымды айтып, неге содан осындай ойын құрастырмасқа деген ортақ ой келді. Себебі, «Абай жолын» қайталап оқыған сайын күллі қазақтың психологиясын тереңірек түсіне бастаймын. Абайдың бүкіл ішкі сезімін өзімнің басымнан өткізгендей боламын. Қысқасы, осындай идея туды да, ол 2 жыл мида жүрді. Содан құрбым екеуміз ақылдаса келе іске кірістік.
Сөйтіп Ұлы ақынның туындыларынан үзінділер алып, астына ситуациялық сұрақтар, психологиялық тапсырмалар қосып, 2024 жылдың 1 желтоқсанында бұл ойын жарыққа шықты. Сол күні аймақтық психологиялық ойындар фестивалінде бірінші рет ойнатып көрдім. Биыл 14 наурыз күні авторлық куәлігімді алдым.
Бұл ойынды жасап шығарудағы мақсатыңыз не?
Бір жағынан адамның өзін-өзі тануына көмектесу, екінші жағынан Абай шығармаларын дәріптеу. Көбі ойнап отырып картаны суырған кезде «мынау қалай болып тұр, мынау менің қазіргі эмоциялық жағдайым, қазіргі кейпімді қалай біліп тұр» деп таңданып жатады. Карта арқылы адамның қазіргі жағдайы шығып тұрады. Мен өз балаларыма да ойнатып көрдім. Олар ойын соңында «Абай жолы» романын толық оқу керек екенін түсіндік деген пікірін де айтты. Яғни, бір жағынан адамда Абай шығармаларына деген қызығушылық туындайды. Көп адам картадағы сөздерді оқып, мынаны шынымен Абай айтты ма деп сұрайды. Яғни, біз Абайдың шығармаларын әлі де толық меңгерген жоқпыз...
Ойынның шарты туралы айтып өтсеңіз.
«Жаңа адам» трансформациялық ойынын топ ішінде де, жеке де ойнауға болады. Мен әдетте 10 адамға дейін қабылдаймын. Мұнда арнайы ойын алаңы бар. «Бастау» деген жерден басталады. Қатысушылар тасты (6 қырлы кубикты) лақтыру арқылы, белгісі сәйкес келген картаны ашып отырады. Осылайша, өзіне келген ойды айта отырып, алға жүре береді. Ең соңында «жаңа адам» деген картаны суырады. Мұнда жалпы саны 100 ден астам карта бар. Адамдар ашылып ойнаса, ойын 1 жарым, 2 сағатқа дейін созылады.
Абайдың шығармашылық мұрасы өте бай. Сіз осы ойынды жасау кезінде қандай туындыларын қолдандыңыз?
Абайдың өлеңдері – тұнып тұрған мотивация. «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» дейді Абай. Сонда әрбір адам өзінің жүрегіне терең бойлай білуі керек. Біз «жолым болмай жүр, жолым жабылып қалды» деп жатамыз. Бірақ, оның себебін табуға тырыспаймыз. Абайдың шығармалары арқылы адамдар өз-өзімен бетпе-бет кездеседі. Тағы бір мысал: «ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» немесе «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дейді. Осыны оқып адамдар ойланып қалады, «мен неге өз-өзіме сенбей келгем» деп. Енді бір картада «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп жазылған. Бұл сөздер қатысушыға мотивация береді. Тапсырма деп аталатын карталарда «Абай жолы» романынан үзінділер бар. Ал, ойынның соңына келгенде «жаңа адам» деген картаны суырып, қатысушылардың көздері жайнап, от ойнап, керемет болып кетеді. Себебі, ойын соңындағы карталарда нақты белгілі бір істі жүзеге асыруға бағыттайтын сөздер жазылған. Яғни, ойын барысында Абайдың шығармалары арқылы бүкіл эмоциясын шығарды, өз-өзіне деген сенімділікті оятты, ең соңында нақты мен осындай нәрсені жасаймын деген инсайт алып кетеді.
Негізі әдебиет пен психология өзара байланысты ма?
Міне, осы ойын – айқын дәлел. Мен осы ойын арқылы әдебиет пен психологияны байланыстырып отырмын. Абайдың қара сөздері – тұнған психология және философия. Абайдың өлеңдері де сондай. Трансформациялық ойындардың карталары көбіне өзге тілде немесе мүлдем жазусыз, тек суретпен кездесіп жатады. Бұл арада қазақтың қара сөзінің құдыреттілігін көруге болады. Адамның бүкіл ішкі дүниесінің бәрін сыртқа шығара білуі. Бұл ойынның адамдардың көңілінен шығып жатқаны содан деп ойлаймын.
Трансформациялық ойын қай жастағы адамдарға арналған?
14-15 жастан бастап ойнауға болады. 75 жастағы әкеммен 2 рет ойнап көрдім. Сонда айтқаны «ойды жаңартады екен, адамның ойға алған істерін жасауға, беліңді бекем бууға үлкен көмегін тигізетін дүние екен» деді. Бұл ойынды ойнағаннан кейін адам жаңаша ойлайды. «Жаңа адам» деп алған себебім Абай да өз заманының жаңа адамы болды ғой. Өзім сабақ беретін мектепте 10-11 сынып оқушыларына ойнатып көрдім. Мықты кәсіби психологтармен де, өзімнің әріптестеріммен де ойнатып көрдім. Тіпті, мұғалімдікке қатысы жоқ адамдармен де ойнатып көрдім. Жалпы бұл адамның ішкі әлеміне үңілуге көмегін беретінін түсіндім. Қай саланың маманы болса да.
Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...
Қазір бесінші кластың сынып жетекшісімін. Сол балалар трансформациялық ойынды көріп, біз де ойнайықшы деп жатады. Бірақ, мен оларға өз жатарына лайықты етіп құрастырып жатырмын. Осыдан кейін кезекте классик ақын-жазушылардың шығармалары тұр. Мұндай трансформациялық ойындар адамдарға көмегін тигізіп жатса, неге жасамасқа?!
Транформациялық ойыннан соң өз бойынан оң өзгеріс көрген адамдар бар ма?
Осы ойынды ойнағаннан кейін, ойлары 100 пайызға өзгергенін айтқандар өте көп. «Мен осы уақытқа дейін өз-өзіме көңіл бөлмеппін. Өз өмірімде өзімнің орным барын білмеппін» дейді көбі. Ойын барысында адамдардың эмоциясын бақылап отырамын. Кейде картаны суырып, ішін оқып жатқанда-ақ түрлері бұзылып кетеді, Кейбір адамдар күліп жібереді, енді бірінің жанары жасқа толады. Демек, Абайдың шығармалары адамдардың ішкі эмоциясымен жұмыс істеуіне әсер ете біледі. Ойын өзгертіп, сол арқылы өмірін өзгерткен адамдар әлі күнге дейін алғысын жаудырып жүр. Жағымды пікір айтып жатқандар өте көп.
«Жаңа адам» трансформациялық ойыны туралы оқушылар пікірі:
«Өзіме сұрақ қою арқылы өзімнің өмірімде болып жатқан мәселелерді дұрыстадым деп айта аламын», – деді Нұржан Нұрқасын.
«Адамның ішкі дүниесіндегі біраз сұрақтарға жауап беретін ойын. Бұл ойынды жақын адамдарыңызбен ойнасаңыз, оны тұлға ретінде тануға әсерін тигізеді», - дейді Жасмин Ойшанова.
«Бұл ойын арқылы өзіміздің ішімізде жауабын таппаған сұрақтардың шешімін таба аламыз деп ойлаймын», – деп айтты Әмина Өмірзақ.