19 тамызда Абай облысы, Үржар ауданы, Бестерек ауылында болған жол-көлік оқиғасына байланысты полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлады Qaz365.kz.
Алдын ала мәліметтер бойынша, «Toyota» маркалы автомашинаның 55 жастағы жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, үйдің қақпасының алдында, жолдан 10 метр қашықтықта тұрған кәмелетке толмаған балаларды қаққан.
Жол апаты салдарынан екі бала оқиға орнында қаза тапқан. Біреуі ауруханаға барар жолда көз жұмды. Кәмелетке толмаған тағы үш жасөспірім түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Зардап шеккен балалардың жағдайын Абайы облыстық денсаулық сақтау басқармасы бақылауда ұстап отыр.
“Балалардың жағдайы өте ауыр, қажетті ем-дом жасалуда”, – деп хабарлады басқармадан.
Жүргізуші ұсталып, Үржар ауданының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Медициналық сараптама оның жол апаты кезінде есірткі мен ішімдік қолданбағанын көрсетті.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жүргізіп жатыр. Қайғылы жағдайдың себептері мен мән-жайларын анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу амалдары атқарылып жатқанын хабарлады.