$ 448.98
€ 502.45
₽ 5.45

Аяқкиіміне байланысты алтыннан айырылған Ясмина Тоқсанбаева пәтерлі болды

Редактор
10.11.2026, 10:56
Фото: qazathletics
Фото: qazathletics
Азия ойындарында алтын медалінен айырылған Ясмина Тоқсанбаеваға пәтер сыйлады

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы XX жазғы Азия ойындары мен V Азия Пара ойындарында ел намысын қорғаған спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттады. Салтанатты шарада спорттық жүрістен өнер көрсеткен Ясмина Тоқсанбаеваға бір бөлмелі пәтердің кілті табысталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz федерацияның ресми мәлімдемесіне сілтеме жасап.

Марапаттау рәсіміне Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин мен Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бірінші вице-президенті Алпамыс Бақытұлы қатысты. Жиында халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ақшалай сертификаттар табысталды. Ал Ясмина Тоқсанбаеваға федерация мен демеушілер атынан бір бөлмелі пәтер сыйға берілді.

«Бұл бағалы сыйлық спортшыға үлкен қолдау болып, алдағы Олимпиада ойындарына тың серпінмен дайындалуына зор мотивация береді деп сенеміз», – делінген федерацияның хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін Ясмина Тоқсанбаева Азия ойындарында марафон қашықтығына спорттық жүрістен мәреге бірінші жеткенімен, кейін алтын медалінен айырылған болатын. Жарыстан соң спортшының нәтижесіне қатысты наразылық түсіп, оның жарыс кезінде киген аяқкиімінің халықаралық талаптарға сәйкестігі тексерілген.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы спортшының нәтижесін жою туралы шешіммен келіспейтінін және оның құқығын Спорттық арбитраж сотында (CAS) қорғауды жалғастыратынын мәлімдеген.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау