«9-20-25» бағдарламасында бастапқы жарна азайтылмайды
Роман Скляр депутаттар ұсынысын қайырып тастады
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «9-20-25» бағдарламасы бойынша бастапқы жарнаны 20%-дан 10%-ға азайту туралы депутаттардың ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Мәжіліс депутаттары бұл мәселе бойынша премьер-министрдің бірінші орынбасарына депутаттық сауал жолдаған еді. Олар 278 296 теңге не одан да төмен айлыққа күн көріп отырғандардың «Отау» мен «Наурыз» бағдарламаларына қатыса алмайтынын, 20% алғашқы жарнаны жинауға шамасы жетпейтінін айтқан болатын. Ал ірі қалалардан пәтер алу үшін 7 млн теңге бастапқы жарна болу керек.
Бұған қатысты Роман Скляр жауап беріп, бастапқы жарнаны төмендеткен жағдайда несие алушының ай сайынғы төлемақысы көп шығатынын келтірген.
Банктердің мақсаты – несие алушының төлем қабілетін сапалы және лайықты бағалау, бұл болашақта ипотекалық несие төлеу арқылы жайлы өмір сүруге мүмкіндік береді. Бастапқы жарна мөлшерінің төмендеуі несие алушыға ай сайынғы қаржылық жүктемені ұлғайтады, сондықтан тиімсіз болып саналады, деп жазылған Скляр жауабында.
Оның сөзінше, табысы төмен азаматтарға бастапқы жарнаны төлеуге қатысты қаржылық қолдау көрсету үшін әкімдіктер әлеуметтік көмек түріндегі тұрғын үй сертификаттарын бөледі. 2019 жылдан бері әкімдіктер 1,6 млрд-тан астам теңгеге сертификат бөлген.