Астанада 8 жасар қыз мектепте дәріден уланып қалды. Ата-анасының айтуынша, мейірбике жеткіншекке сегіз түйір антибиотик берген.


Астанада 8 жасар қыз мектепте дәріден уланып қалды. Ата-анасының айтуынша, мейірбике жеткіншекке сегіз түйір антибиотик берген. Сабақ үстінен шақыртып алып, оқушыға мұншама дәрі бергені жайлы ескертпеді дейді. Үйіне келе есінен танып құлаған кішкентай Айсәулеге жедел жәрдем уақытында көмекке келген. Антибиотик әсерінен қан құсып, өлім аузынан қалған балақайдың ата-анасы бұған кінәлілер тегіс жауап беруін талап етіп құзырлы органға шағым түсірді, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Үшінші сыныпта оқитын Айсәулені дәрі қабылдау үшін мектеп мейірбикесі шақырып алған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

 Анасының айтуынша, үйде оңайлықпен дәрі ішуге келісе қоймайтын қызына медицина қызметкері бірден сегіз түйір дәріні мәжбүрлеп ішкізіпті. Басы айналып әлсіресе де, оқушы соңғы сабаққа дейін отырып, үйіне әрең жеткен. Жол бойы лоқсып құсқан балақай табалдырыққа жетіп жығылған.

Ақтамақ Аппас, анасы:

— Есікті аштым, балам құлады. Содан құсып, өз-өзіне әрең келтіріп алдым. Жедел жәрдем шақырттым. Балам осындай көп дәрі ішіп, уланып қалғанын анықтаманы сол жерде маған жазып берді. Білмеймін, неге сонша көп дәрі бергенінен хабарсызбын.

Жедел жәрдем қан құсқан жеткіншек антибиотикті мөлшерден көп қабылдаудан уланған деген анықтама берген.

Негізі Айсәулеге туберкулезбен ауырған науқаспен байланыста болған соң, осы аурудың алдын алу ретінде рифамицин тобына жататын дәрі тағайындалған көрінеді. Бірақ ата-анасы ондай дәріні беруге қарсы болған.

Ал мектеп мейрбикесіне емханадан берілген препаратты қыздың туыстарының қарсылығына қарамастан, ешбір сынақсыз ішкізіп, өз бетінше ем-дом жасамақ болғаны түсініксіз. Бұған дейін фтизиатр осы дәрілерді балаға тағайындайтынын айтқанда анасы қарсы болған. Соған қарамастан, мектеп мейірбикесі өз бетінше әрекет етіп отыр дейді Өйткені комьпютерлік томография қыздың өкпесі таза болғанын көрсетіп, диспансер есебінен шығарған екен. Құлан-таза айығып, диспансерлік есептен шыққан баланың жағдайы жайлы мектеп басшылығы білмейтін сияқты. "Бұл менің міндетіме жатпайды" - дейді директор.

Мектепте оқу жалғасып жатыр. Мейірбике де жұмысында. Бірақ оны таба алмадық. Бұған дейін баласы дәріден уланған ата-анамен сөйлесуден бас тартқан екен. Қазір олар прокуратураға, денсаулық сақтау министрлігіне шағым түсірген.

Ержан Нұрлыбаев, ҚР Денсаулық сақтау вице министрі:

— Бұл жағдай бойынша, аумақтық комитет қызметтік тексерісті бастады. Ол аяқталмайынша, артық ақпарат айтқаным дұрыс болмайды. Тексеріс аяқталсын. 

Мектепті санитар дәрігерлер де тексеріп жатыр. Қандай шара қолданылатыны барлық тексеру мен сараптама қорытындысы шыққан соң белгілі болмақ.