«Бәйтерек» холдингінің шоғырландырылған борышы 2024 жылы 8 трлн теңгеден асқан. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
«Біз жаңадан алынған сыртқы қарыздардың бір бөлігінің тиімді инвестициялық жобалардың орнына холдинг компанияларының ішкі мәселелерін шешуге және бұрын алынған қарыздарды жабуға бағытталатынын анықтадық», — деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Оның айтуынша, кей жағдайларда аса қажеттіліксіз қарыздар алынған. Мәселен, «Даму» қоры Азия Даму Банкінен мемлекет кепілдігімен қомақты қаражат алады.
«Бұл қаржы екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары арқылы шағын және орта бизнесті қаржыландыруға арналған. Алайда бизнестен түскен өтінімдердің жетіспеушілігіне байланысты 11 млрд теңге кері қайтарылған. «Сонда бұл қаражат не үшін қарызға алынды?» деген заңды сұрақ туындайды», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Тағы бір мәселе – квазимемлекеттік компаниялар мемлекеттік қолдау алған жобалар бойынша олардың жоспарлы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне қол жеткізу мәселесіне көңіл бөлмейді. Бұл негізінен жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық базасын кеңейтуге және т.б. қатысты.
Қолдау алған субъектілердің 32%-ы өз міндеттемелерін толық орындамай, жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізбеген. Сондай-ақ жобаларды сапасыз іріктеу, басымдық берілмейтін салаларды қаржыландыру сияқты фактілер де анықталды.
«Қазір «Самұрық-Қазына» қорында аудит жүріп жатыр. Аудит аяқталған соң нәтижелерін жариялаймыз», — деп қорытындылады Палата төрағасы.