Ресми деректерге жүгінсек, бүгінде елімізде 110 мыңға тарта адам динамикалық бақылауда тұр. Олардың 90 мыңнан астамы алкоголь өнімдеріне, қалғаны (18 243 адам) есірткіге тәуелді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Десе де кей сарапшылар елімізде есірткіге еліккен азаматтар әлдеқайда көп дейді. Яғни, 143 мың тұрғын есірткінің құлы деп болжайды. Себебі ақылы клиникаларда емделушілер туралы деректер ешқайда тіркелмейді.
Алматылық наркологтар есірткі тұтынушылардың дертінің емі бар дейді. Қазір синтетикалық есірткі жастардың санасын көз ілеспес жылдамдықпен улап жатқаны жасырын емес.

Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының мамандары мұндай азаматтарды емдеуге дайын. Мекеме директоры Сапар Рахменшеевтің айтуынша, науқастар қатарында әлі кәмелетке толмаған балалар да бар.
Бізде жасөспірімдер диспансерлік бақылауда тұр. Оның ішінде жасы 16-17 жастағы балалар бар. Олар есірткіге тәуелді боламын деп қолданбайды. Есірткі тарататын адамдар «мұны бір рет қолдансаң, тәуелді болмайсың» дейді ғой. Сондықтан, мынау өсіп келе жатқан балалардың сана-сезімдерін сөйтіп алдап, дәмін көрсетуге тырысады, - дейді Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев.
Егер науқас мамандардан уақытылы көмек алатын болса, оны тәуелділіктен құтқаруға болады дейді дәрігер. Ал, құрамында түрлі химиялық заттары бар синтетикалық есірткі адамның жүйке жүйесіне тікелей әсер етеді екен. Сондықтан, оны тұтынған адамның ойлау қабілеті бір деңгейде қалып қояды.

Мысалы 14 жастағы бала есірткіні қолданып көретін болса, ойлау қабілеті соның көсірінен сол 14 жаста, яғни бір деңгейде қалып қояды. Синтетикалық есірткіні ұзақ қолданатындардың орташа өмір сүру орталығы 5 жылға дейін. Кейде 5 жылға жетпейді, - деді Сапар Рахменшеев.
Сондықтан, мамандар зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Себебі, есірткінің құлы боламын деп, қанды қылмыс жасап, ақыр соңында бар өмірін темір тордың ар жағында өтікізіп жатқандар жетерлік.