Спорт

23 медаль: қазақстандық студенттер ІІІ Түркі универсиадасынан олжалы қайтты

18:57, 10 қыркүйек 2025 14

Қазақстандық студенттер III Түркі универсиадасында 23 медаль иеленді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Яғни, Қазақстанның намысын қорғаған студенттер 8 алтын, 4 күміс және 11 қоланы иеленген.

Спорттық дода 3-9 қыркүйек аралығында Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өтті.                     

Универсиадаға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің студент-спортшылары қатысқан.

Универсиаданың ашылу рәсіміне Қазақстаннан ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Satbayev University-дің ғылым және корпоративті даму жөніндегі проректоры Ержан Күлдиев, Қазақстан студенттік спорты одағының вице-президенті Мұхтар Есқалиев, Қазақстан ұлттық студенттік спорт одағының бас хатшысы Жаснұр Ақеділов қатысты. Сонымен қатар ұлттық делегация құрамында Қазақстан намысын халықаралық аренада қорғауға дайын спортшылар мен жаттықтырушылар болды.

Универсиадада Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан спортшылары жарысқа түсті. Ол волейбол, футзал, үстел теннисі, шахмат, дзюдо, еркін күрес және грек-рим күресі сияқты 7 спорт түрі бойынша өтті.

III Түркі универсиадасына барлығы 5 елден 450 делегат қатысса, Қазақстан құрамасын 15 жоғары оқу орнынан келген 66 спортшы таныстырды. Олар барлық 7 спорт түрінен бақ сынады.

Келесі IV Түркі универсиадасы 2027 жылы Түркияда өтеді.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз