17 медаль: саңлақтар сенімді ақтады
Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында самбо, жауынгерлік самбодан әлем чемпионаты мәресіне жетті.
Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында самбо, жауынгерлік самбодан әлем чемпионаты мәресіне жетті. Ел үмітін арқалаған балуандар межелі жүлдені олжалады. Жалпыкомандалық есепте балуандарымыз екінші сатыға орнықты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Үш күнге созылған әлем чемпионатында сайысқа түскен балуандарымыз аянып қалған жоқ, деп жазады Egemen.kz.
Ұлттық құраманың бас бапкері Біржан Имаханов дода қарсаңында кемінде екі алтын алу міндеті жүктелгенін айтқан еді. Шәкірттері сенім үдесінен шығып, үш мәрте әнұранымызды шырқатты.
Төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі доданың түңлігі түрілген бірінші сайыс күні спорттық самбодан Темірлан Көлбай (+98 кг) жеңіске жетті. Іріктеу кезеңінде ол алдымен жапон Кеничи Накаяманы жықты, екінші айналымда Гондурас елінің өкілі Бред Флорестен басым түсті. Ширек финалдық белдесуде өзбекстандық Нұрбек Тураевты сүріндірді. Жартылай финалда Степан Солдатенконы (FIAS) жықты. Финалдық тартыста моңғолиялық Пуревдорж Дамдинчуренді ұтты.
Бірінші сайыс күнінде спорттық самбодан Армат Қабдолов (58 кг), Арайлым Әбенова (+80 кг), жауынгерлік самбодан Құралай Қабрайқызы (54 кг), Маратбек Рахметоллин (64 кг) әлем чемпионатының қола медалін иеленді.
Әлем чемпионатының екінші сайыс күнінде де балуандарымыз сенімді ақтай білді. 64 кг салмақ дәрежесінде белдесуге түскен Есентай Имаханов финалдық белдесуде Сардор Олимжановты сүріндірді. Тәжірибелі өзбек балуаны ұпай басымдығымен алда тұрған, соңғы минуттың барысында Есентай қарсыласынан айласын асырып кетті. Екі балуан бұған дейін Азия чемпионатында да белдесіп, Сардор басым түскен болатын. Есесін қайтарған Есентай қалың жанкүйердің ерекше қолдағанына алғысын айтты.
88 кг салмақта күрескен Еламан Қойшыбаевтан да бапкерлер алтын жүлде күтті. Финалдық тартысқа дейінгі қарсыластарының бәрін айқын ұтқан балуан ресейлік Сергей Рябовқа есе жіберді. Әлем чемпионатының финалына бұған дейін 7 мәрте шығып, жаһан додасының төрт дүркін үздігі атанған Рябов алдымен әдіс жасап, ұпай еншілеп алды да, содан соң Еламанның адымын аштырмай қойды. Былтыр да әлем чемпионатының финалдық бәсекесінде сүрініп, күміспен күптелген жерлесіміз биыл бабында болды. Макаода өткен Азия чемпионатында үздік шықты, әлем кубогінің жүлдегері атанды.
Қыздар арасында спорттық самбодан Гүлдана Әлмұханбе-това 54 кг салмақта сынға түсіп, финалға дейін жеткен еді. Бірақ әлем чемпионы атағы жолындағы белдесуде Анастасия Луканинамен (FIAS) күресіп, жеңіліс тапты. Еуропа чемпионы атағына ие Анастасия Астанада енді әлемнің үздігі атанды.
Дүбірлі доданың қола медалін жауынгерлік самбодан Арнұр Қуатай (71 кг), Ұлбосын Әділова (80 кг), спорттық самбо күресінен Шынар Абатова (72 кг) еншіледі.
Үшінші сайыс күнінде әнұранымызды балуан қызымыз шырқатып, мерейімізді тасытты. Әйелдер Астана төрінде жауынгерлік самбодан тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысты. +80 кг салмақта сынға түскен Нұрила Асанқызы финалдық тартыста Сабина Агажанованы 7:4 есебімен ұтып, мәртебемізді өсірді. Әлемнің үздігі атанған спортшы төккен тердің өтеуіне бұйырған орасан жеңісін бір жыл бұрын өмірден озған ата-анасының рухына арнайтынын айтты.
«Жеткіншек шағымнан күреспен шұғылдануыма септігін тигізген әкем: «Жасөспірімдер арасында жарқырап көріну жеңіл болғанымен, ересектер додасына қосылғанда мықты екеніңді дәлелдеу оңай соқпайды», деп үнемі айтып отыратын еді. Расында да, ересектер қатарында өзіңнің мықтылығыңды мойындату жеңіл емес. Бірнеше жыл төккен тердің өтеуіне бұйырды бұл алтын медаль. Осы жеңісімді бақилық болған ата-анама арнаймын», деді чемпион қыз.
Жауынгерлік самбодан 79 кг салмақ дәрежесінде финалға шыққан Бақытжан Дүйсембеков украиналық Владислав Рудниевке есе жіберді. Украина балуаны – бұған дейін 4 дүркін әлем чемпионы атанған саңлақ. Еуропа біріншілігінде үш мәрте олжа салған өте тегеурінді спортшы. Жерлесіміздің күміс медалін қомсынуға болмас. Себебі Бақытжан былтырғы әлем чемпионатында 5-орынды місе тұтқан болатын.
Әлем чемпионатының финалына шыққан Серікбай Нығмет (71 кг) грузиялық Елизбар Туркияға есе жіберді. Бұған дейін жасөспірімдер арасында әлемнің үздігі атанған грузин спортшысы ересектер сапында да теңдессіз екенін дәлелдеді. Серікбайдың күміс медалі – әлем чемпионатында олжалаған алғашқы жүлдесі.
Жауынгерлік самбодан сынға түскен Талғат Жирентаев (+98 кг) финалда Михаил Кашурниковке (FIAS) есе жіберді. Талғат былтыр Арменияда өткен әлем біріншілігінде қола медаль еншілеген еді. Жауынгерлік самбодан Қымбат Ахмет (50 кг), зағиптар санатында Асқар Қайыров (98 кг) қола медаль иеленді.
Үш күнге ұласқан дүбірлі додаға 80 елден 470 балуан жиналды. Еліміздің үмітін арқалап шыққан 28 спортшы барын салып белдесті. Дүниежүзілік біріншіліктің жүлде қоры да қомақты. Чемпион атанған балуанға – 4 мың, күміс жүлдегерге – 3 мың, қола медаль иеленген балуандарға 2 мың АҚШ доллары мөлшерінде сыйақы берілді. Зағиптар арасында чемпион атанған үздіктер 1 мың доллар көлемінде сыйақымен марапатталды.
2005 жылдың қараша айында Астана қаласында спорттық самбодан әлем чемпионаты өткен еді. Сол сында балуандарымыз 1 алтын, 3 күміс, 6 қола медаль олжалаған-ды. Самбо федерациясының вице-президенті Манарбек Бисекенов ел спортының тарихында самбо күресінен бұрын мұндай жетістікке жетпегенімізді айтты.
«Сегіз балуан финалға шығып, 3 алтын, 5 күміс медаль бұйырды, 9 балуан қола жүлдегер атанды. Жалпыкомандалық есепте Ресей командасынан кейін екінші сатыға орнықтық. Спортшыларымыз сенімді ақтай білді. Бұл күрес түрі әлемде қарқынды дамып келеді, бәсекелестік өте жоғары. Осындай саңлақтарды ығыстырып медаль еншілеу оңай емес», деген вице-президент қолдау көрсеткен жанкүйерлерге, әлем чемпионатының жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған Туризм және спорт министрлігіне, Астана қаласының әкімдігіне, демеушілік танытқан өзге де ұжымдарға алғысын білдірді.