Қоғам

16 жасқа дейінгі балаларға YouTube қолдануға тыйым салынбақ

12:00, 31 шілде 2025 45

Австралия билігі 16 жасқа толмаған балаларға YouTube платформасына тіркелуге тыйым салмақ. Бұл шешім әлемде алғаш рет енгізіліп жатқан әлеуметтік желілерге қатысты заң аясында қабылдануда, деп хабарлайды ВВС агенттігі.

Австралия билігі 2025 жылдың желтоқсанынан бастап 16 жасқа толмаған балаларға YouTube-қа тіркелуге тыйым салмақ. Бұл шешім TikTok, Instagram, Facebook, X және Snapchat секілді желілерге де қатысты. Жасөспірімдер видеоларды көре алады, бірақ аккаунт ашып, пікір жазуға немесе контент жүктеуге тыйым салынады.

Австралияның премьер-министрі Энтони Албанезенің айтуынша, бұл қадам балаларды әлеуметтік желілердің зиянды әсерінен қорғау мақсатында жасалуда. 

Біз ата-аналарға қолдау көрсетеміз. Бұл – жалғыз шешім болмаса да, маңызды қадам, – деді ол.

Елдің электрондық қауіпсіздік комиссары Джули Инман Грант YouTube-ты балалар үшін ең көп зиянды контент кездесетін алаң ретінде атаған. Ал байланыс министрі Аника Уэллс балаларды интернеттегі "жыртқыш алгоритмдерден" қорғау қажеттігін алға тартты.

Google мұндай шектеулерге қарсы шығып, үкіметті сотқа беретінін ескертті. Дегенмен билік бұл қауіп-қатерден тайынбайтынын мәлімдеді.

Заңды бұзған компанияларға 50 млн австралиялық доллар айыппұл салынады. Ұқсас шектеулерді Норвегия қабылдаса, Ұлыбритания бұл бастаманы қарастырып жатыр.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз