"120 млн". Биік ғимаратта өрт сөндіретін дрондар сатып алынады
ТЖМ зәулім ғимараттарда өрт сөндіретін дрондар сатып алмақшы.
ТЖМ зәулім ғимараттарда өрт сөндіретін дрондар сатып алмақшы. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өрт сөндіру қызметін жетілдіру бағытындағы тың жобаларды айтып берді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
«Ақмола облысында пилот жоба аясында өрт сөндірушілерден, дәрігерлер мен құтқарушылардан тұратын әмбебап бөлімше құрылды. Бұл зардап шеккендерді жедел түрде кешенді құтқару мен оларға алғашқы көмегін көрсетеді. Өрт сөндіру бөлімшелерін салу тәсілі қайта қаралды. Биыл тамызда Астанада 3,5 айдың ішінде жылдам тұрғызылатын конструкциялардан салынған өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді. Барлық өңірде құрылыстың осындай тәсілі енгізілетін болады. Елімізге 121 өрт сөндіру депосы қажет», - деді министр.
Жыл басынан бері ТЖМ қажеттіне 728 техника алыныпты.
«Биік ғимараттарды сөндіруге арналған өртке қарсы екі дрон материалдық-техникалық қамтамасыз етуді нығайту шеңберінде алғаш рет сатып алынады. Республикалық, жергілікті бюджет есебінен және лизинг арқылы 728 бірлік арнайы автотехника мен 18 мыңнан астам құрал-жабдық сатып алып жатырмыз. Ең алдымен, техниканы аудандық бөлімшелерге береміз», - деді Шыңғыс Әрінов.
Шыңғыс Әрінов өрт сөндіретін дрондарды қаншаға сатып алатынын айтты.
«Ол дрондар негізі қытайлық технологиямен құрастырылады. Біз сатып алатын дронды өзіміздің қазақстандық фирма құрастырады. Бір дронның құны 120 млн теңгенің төңірегінде болады. Оның қандай ерекшелігі бар? 150 метрге дейінгі биікке көтеріліп, өрт сөндіре алады. Бізде бар өрт сөндіретін көліктің кез келгенінен жалғанып, қанша уақыт қажет болса, сонша мерзім бойы өрт сөндіру жұмыстарын атқара алады», - деді ол.
Пилоттық жоба сәтті іске асса кейін Астанада басқа қалаларға да таратылуы мүмкін.
«Біз үшін бұл бірінші тәжірибе. Әрі қарай Астанадан бөлек Алматы сияқты биік ғимараттары бар қалаларға осы тәжірибені таратамыз деп ойлаймыз. Бұл да әлемдік тәжірибе», - деді Шыңғыс Әрінов.