Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікті Ресейден экстрадицияланды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Қазақстанның Бас прокуратурасы аса ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматын қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Ресей Федерациясынан экстрадициялады.
"Күдікті 2024-2025 жылдар аралығында Тараз қаласында өзін коммерциялық ұйымның қызметкерімін деп таныстырып, қаражатты инвестициялау арқылы жоғары табысқа уәде беріп, азаматтарды әртүрлі тауарларды көтерме сатып алу және кейіннен сату бойынша бірлескен кәсіппен айналысуға шақырған. Алайда ол өз міндеттемелерін орындамай, алған ақшасын жымқырып, қажеттілігіне жұмсаған. Оның қылмыстық әрекеттері нәтижесінде Қазақстанның 6 азаматына жалпы 100 млн теңгеден астам залал келтірілген", - делінген ресми хабарламада.
Кейін оған халықаралық іздеу жарияланған.
Биыл тамызда күдікті Ресейде ұсталып, Қазақстанның Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.
Мұндай қылмыс үшін елімізде мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.