Алматы облысы биыл мемлекеттік бюджетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдерден 1,5 трлн теңге түсіруді жоспарлап отыр. Бұл – өңір тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Былтыр облыс алғаш рет 1,1 трлн теңгеден астам түсім қамтамасыз еткен. Оның ішінде республикалық бюджетке – 490,5 млрд, жергілікті бюджетке 628,6 млрд теңге түсті, деп хабарлады Вairaqmedia.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салық түсімдерінің тұрақты өсуі өңір экономикасының да алға жылжып келе жатқанын көрсетеді. Соның бір мысалы – облыстық бюджетке қаржы аударатын донор аудандар санының көбеюі. Алматы облысы қайта құрылғанға дейін Іле және Қарасай аудандары ғана донор болса, қазір олардың қатарына Талғар, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандары, сондай-ақ Қонаев және Алатау қалалары қосылды. Осылайша донор аумақтар саны 2-ден 7-ге жетті.
Донор аумақтардың көбеюіне жаңа өндірістердің іске қосылуы, инвестицияның артуы және кәсіпкерліктің дамуы әсер етті. Соңғы жылдары облыста KT&G, PepsiCo, ТехноНИКОЛЬ және «Жетісу Вольфрамдары» сияқты ірі компаниялардың жаңа өндірістік жобалары іске қосылды. Сондай-ақ, Іле ауданында ФМК мен JTI кәсіпорындарының өндірістік қуаттарын кеңейтуі де салық түсімдерінің өсуіне ықпал етті.
«Донор аудандардың саны ғана емес, облыстық бюджетке аударатын қаржы көлемі де артып келеді. 2024 жылы донор аудандардан облыстық бюджетке 276,5 млрд теңге түсті. 2025 жылы бұл көрсеткіш 292,5 млрд теңгеге жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында 241,9 млрд теңге түсті. Биылғы жылдық жоспар – 542,6 млрд теңге. Ең көп түсім түсіретін аудан – Іле ауданы. Былтыр аудан облыстық бюджетке 249,3 млрд теңге аударса, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында – 165,2 млрд теңге түсті. Бұл облыстық бюджет кірістерінің 42,4 пайызын құрайды», – деді Алматы облысының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораз.
Салық түсімдерінің қазіргі өсім қарқыны сақталса, Алматы облысы 2029 жылға қарай республикалық бюджетке қаржы аударатын донор өңір мәртебесін алуы мүмкін.