Астанада жол жиегінде тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшыларды әдейі суға малшындырды деген Lexus жүргізушісі жауапқа тартылды. Сот 32 жастағы ер адамды 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz елордалық Полиция департаментінің мәліметіне сілтеме жасап.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің наразылығын тудырған. Кадрлардан Lexus көлігінің жаңбыр суы жиналған жолмен жүріп өтіп, жол жиегін тазалап жатқан жұмысшыларды бастан-аяқ суға малшындырғанын көруге болады. Полиция мәліметінше, жүргізуші бағдаршамның жыпылықтаған белгісіне қарамастан жылдамдығын төмендетпеген және қауіпсіз өту шараларын қабылдамаған.
«Мұндай әрекетке жол беруге болмайды. Адамдар қала инфрақұрылымын күтіп-ұстау және абаттандыру жұмыстарын адал атқарып жүрген. Өзгенің еңбегіне құрметпен қарау және айналадағы адамдардың қауіпсіздігін сақтау әрбір жүргізушінің мінез-құлық нормасы болуы тиіс», – деп мәлімдеді Астана қаласының Полиция департаменті.
Оқиғадан кейін полиция қызметкерлері Lexus жүргізушісін анықтап, ұстады. Ол 32 жастағы Н.Т. есімді азамат болып шықты.