$ 444.4
€ 488.97
₽ 5.39

«Жас Бүркіттен» – Отан қорғауға дейін: жас курсанттың патриоттық жолы

Редактор
17.11.2026, 20:00
Вairaqmedia.kz
Вairaqmedia.kz
  • Отанға деген сүйіспеншілік үлкен істерден ғана емес, бала күнгі арманнан, отбасындағы тәрбиеден, туған жерге деген құрметтен басталады. Өскемендік Данияр Оралғазы үшін патриотизм мектеп қабырғасындағы әскери-патриоттық клубтан басталып, бүгінде ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған саналы таңдауға ұласты. Кезінде «Жас Бүркіт» клубының тәрбиеленушісі болған ол қазір Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының үшінші курсында білім алып, болашақ офицер ретінде қалыптасып келеді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz

Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында дүниеге келген Данияр Оралғазы бала күнінен әскери қызметке қызығушылық танытқан. Ата-әжесінің тәрбиесінде өсіп, үлкендердің өнегесін бойына сіңірген ол адалдықты, еңбекқорлықты және жауапкершілікті басты құндылықтар санайды.

«Мен үшін туған жер – әр адамның жүрегіндегі ең ыстық мекен, ал өскен орта – тұлға болып қалыптасуына негіз болатын алтын бесік. Ата-әжемнен алған тәрбием мен өскен ортамның ықпалы бойыма жауапкершілік, адалдық, еңбекқорлық сияқты қасиеттерді сіңірді. Бүгінгі таңда әскери өмір жолын таңдауыма да осы құндылықтардың әсері зор», – дейді курсант.

Даниярдың әскери мамандыққа деген қызығушылығын алғаш байқағандардың бірі – мектептегі алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшісі Сағынғали Мухаштаев. Ұстазының бағыт-бағдар беруімен ол «Жас Бүркіт» әскери-патриоттық клубына қосылды. Бұл орта жасөспірімнің өмірге деген көзқарасын өзгертті. Саптық дайындық, әскери тәртіп, командирлердің талапшылдығы мен ұжымдық жұмыс оның бойындағы жауапкершілік пен табандылықты шыңдады. Клубта жүріп Данияр уақытты бағалауды, бастаған ісін соңына дейін жеткізуді, жолдастарына қолдау көрсетуді үйренді. Ең бастысы, Отанға қызмет ету әскери киім киюмен немесе сапта жүрумен ғана өлшенбейтінін түсінді. Оның белсенділігі елеусіз қалған жоқ. Ол әскери бөлім командирлерінің бірнеше марапатына ие болды. Әсіресе 2023 жылы «Жас Бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының құрылғанына 20 жыл толуына орай табысталған грамота оның есінде ерекше сақталған. Бұл марапат жасөспірімнің әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып, болашақ мамандығын таңдауға деген сенімін нығайтты.

2024 жылы мектепті аяқтаған Данияр Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясына оқуға түсті. Бүгінде ол – үшінші курс курсанты. Әскери мамандықты таңдау оның өміріндегі маңызды шешімдердің бірі болды. Бала күнінде өзін жауынгер ретінде елестеткен жасөспірім енді кәсіби әскери білім алып, офицерлік қызметке дайындалып жүр.

«Ауылда жүргенде ағаштан қару жасап, өзімді жауынгер ретінде елестететін сәттерім әлі есімде. Әскери маман болу бала күнгі арманым еді. «Жас Бүркіт» клубында алған тәрбием осы арманымды нақты мақсатқа айналдырды. Академияға түсу – өзім саналы түрде қабылдаған шешімім. Мен әскери мамандықты жай ғана кәсіп емес, елге қызмет етудің, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосудың үлкен мүмкіндігі ретінде таңдадым», – дейді ол.

Алайда курсанттық өмірдің өзіндік талаптары бар. Әскери тәртіпке бейімделу, оқу мен күнделікті қызметті қатар алып жүру, физикалық және психологиялық жүктемелерге төтеп беру жас курсанттан табандылықты талап етті. Данияр алғашқы қиындықтарды әскери өмірдің ажырамас бөлігі ретінде қабылдаған. Оның түсінігінде нағыз патриот болу үшін Отанды сүю жеткіліксіз. Адам өзіне жүктелген міндетті адал орындап, кез келген жағдайда жауапкершілік таныта білуі керек. Уақыт өте келе оның әскери тәртіпке деген көзқарасы да өзгерді. Бұрын тәртіпті сыртқы талап ретінде қабылдаса, бүгінде оны адамның ішкі мәдениетімен, өзін-өзі басқара білуімен байланыстырады.

Болашақтағы кәсіби жолын Данияр тәрбиеші офицер қызметімен ұштастырғысы келеді. Оның пікірінше, әскери қызметшіні тәрбиелеу тек бұйрық берумен немесе әскери талаптарды үйрету ғана емес, әр сарбаздың бойында отансүйгіштік, адалдық, өзара сыйластық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру маңызды.

«Тәрбиеші офицер – жеке құрамның рухани ахуалына жауап беретін, сарбаздардың бойында патриоттық сезімді, әскери борышқа адалдықты және өзара сыйластықты қалыптастыратын тұлға. Жақсы тәрбиеші офицер болу үшін талап қоя білумен қатар, тыңдай білу, түсіне білу және жеке үлгі көрсету қажет. Себебі тәрбие сөзбен емес, ең алдымен іс-әрекетпен беріледі», – дейді болашақ офицер. Қазіргі уақытта Данияр 5573 әскери бөлімінде тәжірибеден өтіп жүр. Мұнда ол әскери қызметшілердің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, жеке құраммен жұмыс істеудің ерекшеліктерін меңгеруде.

Тәжірибе барысында әр сарбаздың мінезі, көзқарасы мен өмірлік ұстанымы әртүрлі болатынына көз жеткізген. Сондықтан болашақ офицер үшін жеке құраммен сенімді қарым-қатынас орнату, әр адамның пікірін тыңдау және қажетті қолдау көрсету маңызды. Оның пайымынша, сарбаздың сеніміне ие болған офицер ғана шынайы тәрбие бере алады.

Данияр Оралғазының тағы бір ерекшелігі – әскери қызмет пен ұлттық өнерді қатар алып жүруі. Ол тоғызыншы сыныптан бастап айтысқа қатысады. Академия командирлерінің қолдауымен поэзия байқаулары мен айтыс додаларында жеңімпаз атанған. Данияр болашақта сарбаздарға тек әскери тәртіпті үйрететін басшы емес, өмірлік өнеге көрсете алатын тәлімгер болуды армандайды. Оның түсінігінде офицердің беделі шенмен ғана емес, білімімен, әділдігімен және қарамағындағы әскери қызметшілердің сенімімен өлшенеді.

«Мен үшін офицер болу – тек әскери атаққа ие болу емес, үлкен жауапкершілікті мойныңа алу. Сарбаздар сені шенің үшін ғана емес, адамгершілігің, әділдігің және ісіңе деген адалдығың үшін құрметтеуі керек. Ең басты арманым – бір күні өзім тәрбиеленген «Жас Бүркіт» қозғалысының тәрбиелік құндылықтарын жалғастырып, жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен елге қызмет етуге деген құлшынысты қалыптастыруға үлес қосу», – дейді ол.

Жас курсанттың бұл ұстанымы патриоттық тәрбиенің маңызын айқындай түседі. Өйткені елін сүйетін азаматты қалыптастыру бір күннің немесе бір ғана іс-шараның нәтижесі емес. Ол отбасындағы өнегеден басталып, мектептегі тәрбие, қоғамдық орта және кәсіби білім арқылы жалғасатын ұзақ үдеріс. Даниярдың өмір жолы осы сабақтастықтың нақты мысалы. Кезінде «Жас Бүркіт» клубында алғашқы әскери дайындықтан өткен жасөспірім бүгінде Ұлттық ұлан академиясында білім алып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайындалып жүр.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау