Алматы қаласы Медеу ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары өкпе обырын ерте анықтауға арналған Pulmora жобасымен әлемдік ғылыми қауымдастықтың назарын аударды. Команда Парижде өткен iGEM Grand Jamboree 2026 халықаралық байқауында «Инклюзивтілікті дамытудағы үздік жетістік» (Best Inclusivity Award) номинациясы бойынша үздік үштікке енді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz
Pulmora жобасы екі технологияны біріктіреді: жасушалардағы гендердің белсенділігін реттеуге қатысатын микроРНҚ молекулаларын кешенді талдау және деммен шығарылатын ауаны арнайы электронды құрылғы арқылы зерттеу. Жоба авторларының мақсаты – болашақта ауруды ағзаға тікелей араласусыз, яғни инвазивті емес әдіспен диагностикалауға мүмкіндік беретін шешім әзірлеу.
Зерттеу барысында шәкірттер тәжірибелі онкологтармен кеңесіп, ауруды ерте диагностикалаудағы өзекті мәселелерді зерделеді. Сондай-ақ әзірлемені Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің қажеттіліктеріне бейімдеу мүмкіндіктерін қарастырды.
Халықаралық байқауда Pulmora жобасын Жасмин Әбділда, Тасним Бултаева, Заңғар Сәкен, Софья Желтова, Айжан Сейтқанова, Элиф Досмұхамбетова және Диана Әбрахим таныстырды. Оқушылардың ғылыми бастамасына NIS-тегі «Технотория» инженерлік зертханасының меңгерушісі Дулат Байтүленов жетекшілік етті.
Айта кетейік, iGEM – Массачусетс технологиялық институтында (MIT) бастау алған, синтетикалық биология саласындағы әлемдегі ең ірі халықаралық ғылыми байқаулардың бірі. Биылғы беделді сайысқа 50-ден астам ел мен өңірден 400-ден аса команда қатысып, шамамен 10 мың адам бас қосты.