$ 444.4
€ 488.97
₽ 5.39

«Маған дейін бес қызметтен өткен»: Алматы метросында қаза тапқан зағип жігіттің ісі сотқа жетті

Редактор
17.11.2026, 13:33
әлеуметтік желі
әлеуметтік желі
Қорғау тарапы іс бойынша жауап алынған куәларды сотқа шақыру қажеттігін де көтерді

Алматыда метро рельсіне құлап, қаза тапқан 26 жастағы зағип жігіттің өліміне қатысты сот процесі басталды. Екі жылға жуық тергелген іс бойынша метрополитеннің бұрынғы бақылаушысы айыпталып отыр. Алайда ол өзіне тағылған айыппен келіспейді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz. КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 2024 жылғы 10 желтоқсанда болған. 26 жастағы Қанат есімді жігіт метро рельсіне құлап, оқиға орнында көз жұмған. 16 қарашада өткен сот отырысында прокурор айыптау актісін оқыды. Айыптау тарапының мәліметінше, сол кезде бақылаушы болып жұмыс істеген Майра Болатбекова жүріп-тұруы шектеулі жолаушыны тиісті қызметкердің сүйемелдеуін ұйымдастырудың орнына өзге жолаушылардың көмегіне сеніп тапсырған. Прокурор Адлан Исмаилхановтың айтуынша, басқа жолаушылардың зағип жігітке көмектесуге тырысуы бақылаушыны қызметтік міндетінен босатпайды.

Алайда айыпталушы бұл уәжбен келіспейді

Майра Болатбекованың сөзінше, марқұм оған жеткенге дейін метроның бірнеше бақылау пунктінен өткен. Сондай-ақ оның кейінгі қозғалысын қадағалауға жауапты басқа қызметкерлер де болған.

«Маған дейін төрт-бес қызметтен өткен, камералары ашық, барлығында бір-бірден рация бар. Менен өтіп кеткеннен кейін де эскалатор қызметі бар. Оның да қызметіне сол кіреді», – деді айыпталушы.

Болатбекованың қорғаушылары тергеудің жан-жақты жүргізілгеніне күмән келтіріп, сотқа метрополитеннің өзге қызметкерлерін де шақыруды талап етуде. Заңгер Нұртуған Өмірзақтың айтуынша, жолаушының қозғалысын бақылауға міндетті басқа қызметкерлердің әрекетіне неліктен құқықтық баға берілмегені анықталуы тиіс.

«Сотта метроның өз өкілдері отыруы керек. Бізге әр қызмет неге кінәсіз болып табылғаны туралы мәлімет керек», – деді заңгер.

Қорғау тарапы іс бойынша жауап алынған куәларды сотқа шақыру қажеттігін де көтерді. Сот отырысына марқұмның әкесі де қатысты. Ол ұлының өліміне қатысы бар барлық адамның жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Келесі сот отырысы 23 қарашаға белгіленген. Айта кетейік, Майра Болатбековаға қатысты сот үкімі әлі шыққан жоқ. Оның кінәлі немесе кінәсіз екені сот талқылауының қорытындысында анықталады.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау