Жетісу облысында Үштөбеден Балқашқа дейінгі аумақта жолдар жаңартылып, әлеуметтік және туристік инфрақұрылым нысандары салынып жатыр. Бұл туралы «Жасампаз мекен» бағдарламасының жаңа шығарылымында айтылды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Үштөбе қаласында 1930-жылдары салынған теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып жатыр. Жоба барысында бастапқы шешімдерге өзгерістер енгізіліп, нысанды жолаушыларға барынша қолайлы етуге басымдық берілген. Қазір вокзалдағы жұмыстарға 60-тан астам маман жұмылдырылған.
Балқаш жағалауында да туристік инфрақұрылым жаңартылуда. Торанғалық пен Шұбартүбек курорттық аумақтарында серуендеу орындары, жарықтандыру жүйелері, қауіпсіздік нысандары мен жағажай инфрақұрылымы салынып жатыр.
Сонымен қатар өңірде жолдар мен спорт нысандарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Алайда жобаларды іске асыру барысында құрылыс мерзімі, нысандардың сапасы және бюджет қаражатының тиімділігі мәселелері де көтеріліп отыр.
«Жасампаз мекен» бағдарламасының бұл шығарылымында Үштөбеден Балқашқа дейінгі аумақтағы өзгерістер мен жаңа жобалардың жүзеге асу барысы көрсетіледі.