Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек «Халық сүйіктісі» ұлттық премиясының «2026 жылдың ең үздік Парламент депутаты» номинациясы бойынша жеңімпаз атанғанын мәлімдеді. Ол бұл марапатты халықтың өзіне білдірген сенімі мен еңбегіне берген бағасы деп қабылдайтынын айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Экс-депутат әлеуметтік желідегі парақшасында марапаттың өзі үшін ерекше маңызға ие екенін жеткізді. Оның айтуынша, 2023 жылы да осы номинация бойынша жеңімпаз атанған, ал 2024 және 2025 жылдары байқаудың финалына шыққан.
«Халықтың мүддесін бірінші орынға қоятын мен үшін бұл марапаттың орны ерекше. Өйткені бұл – халықтың маған берген бағасы, еңбегіме көрсеткен құрметі. Біз үшін марапаттың өзі маңызды емес. Ең бастысы – Парламентте атқарған еңбегіміз, халық үшін жасаған игі істеріміз елдің тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, сыбайлас жемқорлықты азайтуға, әділетті қоғам қалыптастыруға қаншалықты ықпал етті? Маңыздысы – осы!» – деп жазды ол.
Базарбек 2026 жылы атқарған жұмыстары туралы алдағы уақытта есеп беретінін айтып, саяси қызметінде түрлі қиындықтарға тап болғанын меңзеді.
«Биліктің сүйіктісі болмасам да, халқымның сүйіктісі болуға тырыстым. Сол сара жолда талай сыннан өтсем де, халқымның мүддесі әрдайым жүрегімнен орын алды. Өкінішке қарай, елімізде заңдылық пен әділеттілікті қалыптастыру жолында атқаруды жоспарлаған жұмыстарымның барлығын аяқтап үлгермедім. Ол үшін, халқым, ұлдарыңызды сөкпеңіздер!» – деді экс-депутат.
Ол алдағы уақытта да заңнаманы жетілдіруге және ел мүддесіне бағытталған бастамаларды жалғастыруға атсалысуға ниетті екенін білдірді.