Астанада балалардың үйірмелер мен спорт секцияларына қатысуын Face ID арқылы тексере бастады. Енді мемлекет қаржыландыратын сабақтарға баланың шынымен барған-бармағанын электрондық жүйе арқылы анықтауға болады. Жаңа тәртіптің не үшін енгізілгенін елорданың Білім басқармасы түсіндірді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Баланың сабаққа барғанын неге тексереді?
Елордада 2025 жылдан бері QOSYMSHA.KZ бағдарламасы жұмыс істейді. Оның аясында балалар шығармашылық үйірмелерге, түрлі студиялар мен спорт секцияларына мемлекет есебінен тегін қатыса алады. Алайда мұндай сабақтардың ақысы бюджеттен төленетіндіктен, баланың оған нақты қатысқанын растау маңызды. Осы мақсатта QR-код пен Face ID жүйесі енгізіліп жатыр. Білім басқармасының түсіндіруінше, бұл технология баланың сабаққа келмесе де, құжат жүзінде қатысты деп көрсетілуіне жол бермеуге тиіс. Яғни мемлекет тек нақты көрсетілген қызмет үшін қаржы төлейді.
Балалардың жеке деректері қауіпсіз бе?
Face ID жүйесі балалардың биометриялық деректерін пайдаланатындықтан, олардың қауіпсіздігіне қатысты сұрақ туындайды. Білім басқармасының мәліметінше, жеке және биометриялық деректерді жинау мен өңдеу «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң талаптарына сәйкес жүргізіледі. Сондай-ақ жүйе 2025 жылы «Инфосерт» компаниясының аккредиттелген сынақ орталығында тексеруден өткен. Нәтижесінде оның белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар рәсімделген.
Face ID барлық үйірмеге енгізіле ме?
Әзірге жаңа жүйе Астанадағы екі жекеменшік қосымша білім беру ұйымында ғана сынақтан өтіп жатыр. Білім басқармасы жабдықтардың тегін берілгенін, оларды сатып алуға қала бюджетінен ақша жұмсалмағанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, пилоттық жоба басталғалы ата-аналар мен балалар тарапынан шағым түспеген.
Жүйе басқа өңірлерде де бар
Білім басқармасы сабаққа қатысуды электрондық түрде растау тәртібі тиісті нормативтік құжаттарда қарастырылғанын атап өтті. Бұл талаптар 2025 жылғы мамырда бекітілген пилоттық жоба ережелерінде көрсетілген. Мұндай электрондық бақылау тетіктері Астанадан бөлек, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында да қолданылады. Осылайша, Face ID жүйесінің басты мақсаты – балаларды бақылау емес, олардың сабаққа нақты қатысқанын растау және мемлекеттік қаржының негізсіз жұмсалуына жол бермеу.