Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова үйіне жөндеу жүргізген құрылысшылардың жұмысына көңілі толмайтынын айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Әншінің сөзінше, жөндеу жұмыстары аяқталғанына бір жыл да толмаған. Алайда қазір үйдің сыртқы қаптамасы түсіп, жасалған жұмыс сыр бере бастаған.
«Құрылысшылардың жасап кеткені, өзіміздің қазақтың жігіттері. 55 млн ақша алды. Осы үйге жөндеу жасаймыз деп төрт айдың ішінде киіз үйде тамақ бердік. Ақшасын уақытылы төледік. Енді, міне, үйді айнала сырты түсіп жатыр. Қалай бұлай жұмыс жасауға болады? Сұмдық қой», – деді Мақпал Жүнісова.
Өнер иесі құрылыс бригадасының жұмыс сапасына қатысты ренішін жасырмай, жөндеу жұмыстары әуел бастан дұрыс жасалмағанын алға тартты.
«Еркегі жоқ жесір әйел деп басынғаны ма? Мен ол бригадирді жақсы білемін. Халық жақсы білсін деп көрсетіп жатырмын. Ең бірінші қабатын дұрыс жасамаған дейді. Әуел бастан дұрыс емес болған. Қалай жыламайсың? Жүрегімді ауыртады осындай жұмысшылар», – деді әнші.
Мақпал Жүнісованың айтуынша, үйді жөндеуге 55 млн теңге жұмсалған. Өнер иесі қомақты қаржы төленгеніне қарамастан, жөндеудің бір жылға жетпей сыр бергеніне қынжылды.