"Отбасы банк" 2025 жылдың 12 желтоқсанынан бастап пластикалық операцияларға зейнетақы қаражатын пайдалануға салынған тыйым күшіне енетінін хабарлады, деп жазады bairaqmedia.kz.
"Операциядан кейінгі тыртықтарды және туа біткен ақауларды түзетуге арналған реконструктивті және пластикалық операцияларына" БЖЗҚ қаражатын пайдалану туралы өтінім қабылдау enpf-otbasy.kz порталында 2025 жылдың 12 желтоқсанынан бастап тоқтатылады", - деп жазылған хабарламада.
Банкте хабарлағандай, қазіргі уақытта пластикалық операцияларға БЗҚ қаражатын пайдалану бойынша 6 294 өтінім қаралып жатыр.
Бұл өтінімдердің барлығы қолданыстағы тәртіпке сәйкес өңделеді.
Желтоқсанның алғашқы 8 күнінде, офтальмологияға өтінім қабылдау тоқтағаннан кейін, пластикалық оталарға БЗҚ пайдалану бойынша 2 093 өтініш түскен. Бұл – бұрынғы айлық орташа көрсеткіштен 130 есе көп. Желтоқсан айындағы өтінімдердің жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге жетті.
"Бұрын банкке пластикалық оталарға БЗҚ қаражатын пайдалану туралы азаматтардан орта есеппен 16 өтініш түскен. Алайда қыркүйекте стоматология бойынша өтінім қабылдау тоқтаған кезде олардың саны 123-ке дейін өсті, қазанда – 1 844-ке, ал қарашада – 3 878 өтінішке жетті", - дейді ведомстводағылар.
Банктегілер сонымен қатар азаматтарда өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өмірлік маңызды, құны жоғары және әрдайым қолжетімді бола бермейтін ем түрлеріне бағыттау мүмкіндігі сақталатынын хабарлады.
Мұндай медициналық қызметтерге мыналар жатады:
сирек (орфандық) ауруларды емдеу;
радионуклидтік және радиойод терапиясы;
радиохирургиялық емдеу;
протондық терапия.
Бұдан бөлек, азаматтар зейнетақы артылған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады:
тұрғын үй сатып алу, ипотеканы толық немесе жартылай өтеу, сондай-ақ Отбасы банктегі депозитті толықтырып, кейін баспана алуға мүмкіндігі бар.