Ақмола облысында Астана – Атбасар – Жақсы тасжолында жеңіл автокөліктерді тасымалдап келе жатқан автовоз аударылып қалды. Жол апаты 25 қарашада Перекатное ауылының маңында болған, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға республикалық маңызы бар автожолдың 300-шақырымында тіркелген. FAW маркалы автовоздың жүргізушісі рульге ие бола алмай, жүк көлігі жол жиегіндегі кюветке аударылған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді. Сонымен қатар автовозбен тасымалданып бара жатқан бес автокөлікке механикалық зақым келген.
«Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті шешім қабылданады», – деп хабарлады полиция департаменті.
Айта кетейік, осыған ұқсас оқиға 13 қарашада да болған. Сол кезде Астана – Атбасар – Жақсы тасжолында жаңа көліктер тиелген екі автовоз аударылып, жол жиегіндегі кюветке түсіп кеткен. Екі жүк көлігімен барлығы 15 автокөлік тасымалданып бара жатқан.