Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Алматы қаласында ортаның тазалығын, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша аудан әкімдіктері, прокуратура және полиция органдары бірлесіп, стихиялық және заңсыз сауда орындарын жоюға бағытталған кешенді рейдтік іс-шараларды ұйымдастыруда, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Атап айтқанда Жетісу ауданында Солтүстік айналма көшесінің бойында кезекті арнайы тексеру өтті. Бұған дейін жергілікті тұрғындар «Байсат» және «Ялян» сауда орталықтарының маңында заңсыз сауданың көбеюіне, жол бойын заңсыз иемдену көлік қозғалысын қиындатқанына жиі шағымданған еді. Рейд қорытындысымен аумақтарды көркейту қағидаларын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 24 әкімшілік хаттама, сондай-ақ белгіленбеген орындарда сауда жасағаны үшін 204-бап бойынша 15 хаттама толтырылды.

Осындай жүйелі шаралар Әуезов ауданында да іске асты. Мұнда бұрын киім-кешек, көкөніс, сүт өнімдері мен гүлдер заңсыз сатылып келген 7 ірі стихиялық сауда орны толығымен жойылды. Жыл басынан бері аудандық полиция басқармасы ӘҚБтК-нің 204-бабы бойынша 3,4 млн теңгеден астам сомаға 698 хаттама, ал 505-бабы бойынша 5,3 млн теңгеге 1 386 хаттама рәсімдеген. Сонымен қатар 192 рұқсат етілмеген сауда нысаны бөлшектеліп, кәсіпкерлерге заңнама талаптары түсіндірілді.

Алматы әкімдігінде мегаполисте тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталған бұл бақылау шаралары алдағы уақытта да тұрақты негізде жүзеге асырылатынын атап өтті.