Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова үйіндегі сапасыз жөндеу жұмыстарына қатысты тағы да мәлімдеме жасады. Күні кеше жөндеудің кемшіліктерін көрсеткен әнші бүгін туыстары көмекке келгенін айтып, шеберлермен соттаспайтын болғанын жеткізді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Өнер иесінің айтуынша, марқұм күйеуі Заманбек Нұрқаділовтің туыстары келіп, дұрыс жасалмаған жабындыны түгел алып тастаған. Олар таңғы сағат сегізден бастап жұмыс істеген.
«Қайныларыма көп рақмет. Закеңнің бауырлары келіп, бәрін қырып, түсіріп. Таңғы сағат сегізден енді болдық. Енді бұның астын су өткізбейтін материалмен қаптау керек екен. Одан кейін барып сетка қойып, басты материалды қаптау керек екен. Сонда түспейді екен. Алла разы болсын», – деді Мақпал Жүнісова.
Әнші бұған дейін жөндеу жүргізген адамдардың әлі күнге дейін хабарласпағанын айтып, оларды сотқа беруден бас тартқанын мәлімдеді.
«Анау бассыздар сол күйі хабарласпады. Звондадым оларға, айттым. Соттаспайтын болдым. Қараға жолама, қарасы жұғады деген осы ғой енді. Жақсы адамдар да бар екен», – деді ол.
Осылайша, Мақпал Жүнісова сапасыз жөндеуге қатысты мәселені сотқа жеткізбей, туыстарының көмегімен шешуге кіріскенін айтты. Жөндеу жүргізген шеберлердің бұл жағдайға қатысты пікірі әзірге белгісіз.