Зайырлылық пен сенім сабақтастығы
Теолог Олжас Нарымбетов Қазақстандағы дін саясатының ұлтаралық келісімді сақтаудағы маңызын құқықтық теңдік пен діни қауымдардың өзара сыйластығымен байланыстырады.
«Қазақстандағы дін саясатының ерекшелігі – мемлекет азаматтарды діни сеніміне қарай бөлмей, барлығына ортақ құқықтық талаптарды басшылыққа алады. Мұның ұлтаралық келісім үшін маңызы зор. Өйткені елімізде түрлі этнос өкілдері әртүрлі дін ұстанады. Зайырлы мемлекет әр азаматтың құқығын бірдей қорғауға міндетті. Діннің де қоғамды біріктіретін әлеуеті жоғары. Исламда, христиандықта және басқа діни дәстүрлерде әділдік, мейірімділік, қайырымдылық, көршіге құрмет көрсету секілді ортақ адамгершілік құндылықтар бар. Олар күнделікті өмірде нақты істер арқылы көрініс тапса, адамдар арасындағы сыйластық нығая түседі», дейді теолог Олжас Нарымбетов.
Маманның пікірінше, мұқтаж отбасыларға көмек көрсету, табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға жәрдем беру сияқты игі істер түрлі діни қауым өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдыра алады. Мұндай жағдайда адамның ұлты мен діни сенімі емес, көмекке мұқтаждығы маңызды.
Бұл ретте Қазақстанның зайырлы мемлекет екеніне назар аударған жөн. Кейде зайырлылықты дінге қарсы ұстаным ретінде түсіндіретін пікірлер кездеседі. Шын мәнінде, зайырлы мемлекет азаматтың қандай дінді ұстанатынын таңдап бермейді. Керісінше, әр адамның ар-ождан бостандығын қамтамасыз етіп, мемлекеттік шешімдерді ортақ заң талаптарына сүйеніп қабылдауға тиіс.
Яғни азаматтың белгілі бір дінді ұстануға да, ешбір дінді ұстанбауға да құқығы бар. Ал мемлекеттік мекемелер адамдарға діни көзқарасына қарамастан бірдей қызмет көрсетуге міндетті.
Бірлікке бастаған құндылықтар
Қазақтың «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген сөзі бар. Оның астарында өзгеге құрмет көрсету, қиындықта қол ұшын созу секілді адамгершілік ұстанымдар жатыр. Көршінің ұлты мен діни сеніміне қарамастан көмек көрсету халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрі.
Бұл қасиет әсіресе өткен ғасырдың ауыр кезеңдерінде сыналды. ХХ ғасырда Қазақстанға түрлі халықтар күштеп қоныс аударылды. 1937 жылы Қиыр Шығыстан корейлер жер аударылса, кейін Еділ бойындағы немістер, Солтүстік Кавказ халықтары және басқа да этностар қазақ жеріне көшірілді.
Туған жерінен айырылып, бөтен ортаға тап болған адамдардың арасында баспанасыз, азық-түліксіз қалған отбасылар аз болған жоқ. Сол кезең туралы естеліктерде жергілікті қазақтардың жер аударылған адамдармен соңғы нанын бөліскені, балаларын паналатқаны айтылады. Мұндай мысалдар күштеп көшіру қасіретін жоққа шығармайды. Дегенмен қиын шақта көрсетілген адамгершілік халықтар арасындағы сенімнің қалыптасуына ықпал етті.
«Бүгінде Қазақстанда түрлі діни сенім өкілдері қатар өмір сүріп жатыр. Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы халық санағының қорытындысына сәйкес, тұрғындардың 69,3 пайызы исламды, 17,2 пайызы христиан дінін ұстанатынын көрсеткен. Буддизм мен иудаизмді ұстанатын азаматтар да бар. Ал халықтың 2,3 пайызы ешбір дінге сенбейтінін айтқан. Бұл деректер еліміздегі діни дүниетанымның әртүрлі екенін көрсетеді. Соған қарамастан, барлық азаматтың заң алдындағы құқығы тең. Дін адамның рухани өмірімен қатар, мінез-құлқына, өзгелермен қарым-қатынасына да ықпал етеді. Исламда әділдік пен қайырымдылыққа мән берілсе, христиандықта жақыныңды сүю, кешірім мен мұқтажға көмектесу қағидалары маңызды орын алады. Өзге діни дәстүрлерде де адамға құрмет көрсету, ізгілік жасау жөніндегі түсініктер бар. Діни ілімдердің ерекшеліктері мен дүниетанымдық айырмашылықтары болғанымен, олардың адамгершілікке үндейтін ұстанымдары қоғамдық келісімді нығайтуға қызмет ете алады», дейді сала маманы.
Татулықтың алғашқы сабағы
Ұлтаралық және дінаралық келісім туралы сөз болғанда, көбіне мемлекеттік саясат пен діни ұйымдардың қызметі айтылады. Алайда татулықтың алғашқы сабағы отбасында басталады.
Бала ата-анасының өзгелер туралы айтқан сөзін естіп өседі. Егер үйде басқа ұлтты немесе діни сенім иелерін кемсітетін пікірлер жиі айтылса, ол мұндай көзқарасты қалыпты жағдай ретінде қабылдауы мүмкін. Ал үлкендер өзге адамның дәстүріне құрметпен қарап, адамдарды ұлты мен сеніміне қарай бөлмеуді үйретсе, бұл баланың дүниетанымына оң ықпал етеді.
Қазақ «Ырыс алды – ынтымақ» дейді. Талай ұрпақтың өмірлік тәжірибесінен туған бұл сөз бүгін де мәнін жоғалтқан жоқ. Тарихтың ауыр кезеңдерінде адамдарды жақындастырған өзара сыйластық пен адамгершілік қазіргі қоғам үшін де маңызды.
Татулықтың тамыры тереңде екені рас. Бірақ тамыры терең ағаштың өзі күтімсіз жайқалмайды. Сол сияқты қоғамдық келісім де өткеннің өнегесімен ғана сақталмайды. Оған бүгінгі ұрпақтың парасаты, әділдігі мен жауапкершілігі қажет.