Бірнеше мемлекеттің астанасы
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяғанның айтуынша, Сығанақ туралы мәліметтер IX-X ғасырдағы парсы және араб жазбаларында кездеседі. X ғасырдағы «Худуд әл-Әлем» еңбегінде шаһар туралы деректер берілсе, араб географы әл-Мұқаддаси оны Отырармен қатар атайды.
– Сығанақтың әйгілі болуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, ол ұзақ уақыт Ұлы Даланың саяси-мәдени орталығы болды. Қыпшақ хандығы, Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы мен Қазақ хандығы ел орталығы етті. Екіншіден, ірі сауда-экономикалық орталыққа айналды. Үшіншіден, рухани-мәдени және діни-ағартушылық қызмет атқарды, – дейді профессор.
Қаланың экономикалық қуатын Фазлаллах ибн Рузбиханның еңбегіндегі «Шаһарда күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып, кешке қарай одан түйір де қалмайды» деген дерек те аңғартады. Мұнда мешіттер, медреселер жұмыс істеп, қолөнер, егін және мал шаруашылығы дамыған. Еуропалық саяхатшылар мен көпестер де Сығанаққа арнайы тоқтаған.

Қаланың халықаралық байланыстары да кең болған. Ортағасырлық деректерде Сығанаққа Еуропадан келген көпестер, саяхатшылар мен дипломаттардың аялдағаны айтылады. Олардың қатарында Марко Поло, Вильгельм Рубрук, Плано Карпини сияқты саяхатшылар аталады. Бұл шаһардың сол кезеңдегі халықаралық сауда және дипломатиялық қатынастар жүйесінде өзіндік орны болғанын көрсетеді.
Көне қаланың тарихы
Көне қаланың саяси маңызын оның тарихындағы соғыстардан да көруге болады. Ақ Орда билеушілері мен Темір әулеті, кейін Қазақ хандары мен Шайбани ұрпақтары Сығанақ үшін күресті. Тарихшы Зардыхан Қинаятұлының зерттеуінше, Ерзен хан 25 жыл билік құрып, 1344-1345 жылы дүниеден өтіп, Сығанақта жерленген. Осыдан кейін қала Орда Ежен әулетінен тараған Ақ Орда билеушілері мен ақсүйектерінің ата қорымына айналған.
Сондықтан Шайбани әулеті мен Қазақ хандығы арасындағы күресте Сығанақтың орны ерекше болды. Өйткені Сығанаққа иелік ету – стратегиялық үстемдікпен қатар, тарихи мұра мен билік сабақтастығына ие болу еді.
– Орда Еженнен Керей мен Жәнібек хандар тараса, Шайбаннан Әбілқайыр хан негіз алады. Бұлар – Жошының тікелей ұрпақтары. Ұрыс хан Ақ Орданың саяси тәуелсіздігін нығайтып, Сығанақта билік жүргізді. Кейін Барақ хан қаланы қайта қалпына келтіруге күш салды. Сондықтан қазақ хандары мен шайбанилердің Сығанаққа таласуы заңды құбылыс еді, – дейді тарихшы Бүркіт Аяған.
Ғалым көне қаланың маңындағы хан қорымдарын да терең зерттеу қажеттігін айтады. Фазлаллах ибн Рузбихан Дешті Қыпшақтың атақты хандары Сығанақ маңына жерленіп, қабірлеріне кесене тұрғызылғанын жазған. Бүгінгі Жаңақорған ауданы аумағындағы көне қорымдарды осы дерекпен байланыстыра зерттеуге негіз бар. Ұрыс хан мен оның ұрпақтарының жерленген орнын анықтау қазақ мемлекеттілігі тарихындағы маңызды ақтаңдақтарды толықтыруы мүмкін. Бірақ мұндай болжамдар археологиялық және жазба деректермен нақтылануы тиіс.
Тарихи мұраны жаңғырту қажет
Сығанақты зерттеу жұмыстары XIX ғасырдан басталады. Петр Лерх, Василий Каллаур, Иосиф Кастанье және Александр Якубовский көне қаланың орнын зерттеп, картаға түсірді. Кейін Александр Бернштам бастаған экспедициялар жұмыс жүргізді. Кемел Ақышев, Карл Байпақов және басқа ғалымдар да зерттеуге үлес қосты. Тәуелсіздік жылдарында профессор Сәйден Жолдасбаев Сығанақты ашық аспан астындағы музейге айналдыру мәселесін көтерді. Өлкетанушы Әлімжан Ержановтың пікірінше, ендігі міндет – Сығанақты жай ғана ортағасырлық қала ретінде емес, Ұлы даланың саяси және мәдени орталығы ретінде зерттеу.
– Иран, Қытай, Түркия, Ресей, Италия және басқа елдердің архивтерінен Сығанаққа қатысты тың деректер табылуы мүмкін. Оларды ғылыми айналымға енгізіп, көне қаланы зерттеу жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру қажет, – дейді өлкетанушы Ә.Ержанов.
Бұл ретте тарихи мұраны туристік экономикамен ұштастыру да маңызды. Өзбекстандағы Самарқанд, Бұхара мен Хиуа тәжірибесі тарихи қалаларды халықаралық туристік брендке айналдыруға болатынын көрсетеді. Сығанақтың археологиялық аумағын зерттеп, қорғау, ашық аспан астындағы музей қалыптастыру, заманауи инфрақұрылым салу және оны Түркістан, Отырар, Сауранмен байланыстыратын туристік бағыт әзірлеу қажет. Бұл жергілікті кәсіпкерлікке де, өңір экономикасына да серпін береді.
Сығанақтың тағдыры – тарихи мұраға деген мемлекеттік көзқарастың көрсеткіші. Бірнеше мемлекеттің астанасы болған, халықаралық сауда мен рухани мәдениеттің орталығына айналған шаһардың әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Тарихи мұраға құрмет көрсету өткенді мадақтаумен шектелмеуі керек. Оны зерттеу, сақтау және бүгінгі ұрпақтың игілігіне жарату маңызды.
Сығанақ – топырақ астында қалған көне шаһар ғана емес. Ол – қазақ мемлекеттілігінің тарихи жадын жаңғыртып, ұлттық мақтанышқа және ел экономикасына қызмет ететін ірі мәдени орталыққа айналуға лайық мұра.