Ерлан Қарин Қазақстанның ішкі саясатындағы үш негізгі басымдықты түсіндірді. Олар – конституциялық құндылықтарды нығайту, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру және болашаққа бағдарланған қоғам құру, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Қариннің жазуынша, бірінші бағыт аясында заң үстемдігіне, ұлттық бірлікке, этносаралық келісімге, білім мен ғылымға, еңбекқорлыққа және жауапты патриотизмге баса назар аударылады.
Екінші бағыт – жаңа қоғамдық этика. Бұл ретте ол «Заң және Тәртіп», «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» бастамаларын іске асырудың жаңа тәсілдері қажет екенін атап өтті.
«Атап айтқанда, бірыңғай цифрлық платформа құру, ұлттық тазалық стандарты мен өңірлердің тазалық рейтингін енгізу арқылы Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын кең ауқымда іске асыру керек», – деп жазды Ерлан Қарин.
Үшінші басымдық ғылым, білім, инновация және технология арқылы адам капиталын дамытуға бағытталған. Бұл жұмыста «Қазақстан балалары», «Оқитын ұлт» және «Digital Qazaqstan» сияқты стратегиялық құжаттарға мән берілмек.
«Осылайша, үш басымдықтың барлығы біз қандай қоғам құрып жатырмыз және қандай елде өмір сүреміз деген басты сұрақтарға жауап береді. Бұл үшін жасампаз күн тәртібі мен конституциялық құндылықтарды ұстануымыз керек», – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Қариннің жазбасында ұлттық тазалық стандарты мен өңірлердің тазалық рейтингін енгізу қажеттігі айтылған. Оларды іске асырудың нақты мерзімі көрсетілмеген.