Әлем

Ватиканда жаңа Рим Папасын сайлау басталды

16:01, 07 мамыр 2025 45

Ватиканда жаңа Рим Папасын сайлау үшін конклав басталды деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Бұл шіркеу тарихындағы 267-ші Папа болмақ. Жаңа Папаны таңдау процесі әулие Петр шіркеуінде салтанатты месса өткізумен басталды. Қызыл мантия киген кардиналдар шіркеу ішінен өтіп, Сикстин капелласына жиналды.

Биылғы конклавта рекордтық көрсеткіш тіркеліп, 70 елден 133 кардинал қатысады.

Сайлау барысының құпиялығын қамтамасыз ету үшін Ватикан қатаң ережелер енгізді. Кардиналдарға сыртқы әлеммен байланысуға тыйым салынған, сонымен қатар тыңдау құралдарының жұмысына кедергі келтіретін жоғары технологиялы жабдық қолданылуда.

Алғашқы отырыста бір ғана дауыс беру өткізіледі. Ертеңнен бастап кардиналдар күніне төрт ретке дейін дауыс бере алады. Сайлау нәтижесіз аяқталған жағдайда, Сикстин капелласының шатырынан қара түтін шығады.

Ал, жаңа Папа сайланған жағдайда, ақ түтін шығып, шіркеу қоңыраулары соғылады. Бұл әлем бойынша шамамен 1,5 миллиард католиктің жаңа рухани көшбасшысы сайланды дегенді білдіреді.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың 21 сәуірінде Рим Папасы Франциск 88 жасында өмірден өткен болатын.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз