$ 451.31
€ 504.56
₽ 5.36

Үш рет емтиханнан құлағандар ақша төлейді: Қазақстанда жаңа ереже

Редактор
13.10.2026, 15:05
depositphotos.com
depositphotos.com
Емтиханнан өте алмағандар қанша күн күтеді?

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық және практикалық емтихандарды қайта тапсыру тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді сынақтан үш рет өте алмаған азаматтар келесі мүмкіндіктері үшін ақы төлеуге тиіс, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz .

Ішкі істер министрінің тиісті бұйрығына енгізілген өзгерістер жүргізуші куәлігін алуға үміткер азаматтардың емтихан тапсыру тәртібін нақтылайды.

Емтиханнан өте алмағандар қанша күн күтеді?

Жаңа талаптарға сәйкес, теориялық немесе практикалық емтиханнан бірінші рет өте алмаған азамат келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады. Ал екінші талпынысы да сәтсіз аяқталса, үшінші рет емтихан тапсыру үшін кемінде 10 күнтізбелік күн күтуі қажет.

Егер үміткер үш рет қатарынан емтиханнан өте алмаса, төртінші және одан кейінгі талпыныстары ақылы болады. Бұл жағдайда да емтихандар арасындағы үзіліс кемінде 10 күнді құрауы тиіс.

Қайта тапсыру құны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы белгілеген тарифтер бойынша есептеледі.

Емтихан кезінде телефон пайдаланғандар бір жылға шеттетіледі

Жаңа тәртіп бойынша теориялық емтихан кезінде ұялы телефон, шпаргалка немесе басқа да электрондық құрылғыларды пайдалануға, сондай-ақ өзге үміткерлермен жауап алмасуға тыйым салынады. Мұндай заң бұзушылық анықталған жағдайда емтихан бірден тоқтатылып, азаматқа «тапсырған жоқ» деген баға қойылады. Ең маңыздысы, тәртіп бұзған үміткер емтиханды тек 12 айдан кейін ғана қайта тапсыра алады.

Емтихан нәтижесіне шағымдануға болады

Енгізілген өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін де қарастырады. Егер үміткер теориялық емтихан нәтижесімен немесе практикалық сынақ кезінде есептелген айып ұпайларымен келіспесе, апелляциялық шағым түсіруге құқылы. Шағымды қарау барысында фото және бейнежазбалар зерттеледі. Түпкілікті шешімді уәкілетті орган, мемлекеттік корпорация және оқу ұйымының өкілдерінен құралған кемінде үш адамдық комиссия қабылдайды.

Жүргізуші куәлігін алу жүйесі цифрландырылады

Сонымен қатар емтихан тапсыратын орын, күн мен уақытты бос орындарға қарай алдын ала таңдауға мүмкіндік қарастырылған. Ол үшін сынаққа кемінде бір жұмыс күні қалғанда жазылу қажет. Жол қозғалысы ережелерін білу деңгейін тексеруге арналған емтиханға «ХҚКО» мобильді қосымшасы арқылы тіркелуге болады.Шетелде берілген жүргізуші куәлігін қазақстандық құжатқа ауыстыру тәртібі де нақтыланды. Мұндай жағдайда азамат теориялық емтихан тапсырып, шетелдік құжаттың түпнұсқалығын растауы керек.

Айта кетейік, жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталғандықтан оны әдеттегі тәртіппен ауыстыратын азаматтардан теориялық емтихан тапсыру талап етілмейді.

Өзгерістердің мақсаты қандай?

Жауапты ведомстволардың мәліметінше, жаңашылдықтар емтихан қабылдау жүйесінің ашықтығын арттыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және жүргізушілердің дайындығын объективті бағалауға бағытталған. Осылайша, жүргізуші куәлігін алуға ниетті азаматтарға емтиханға мұқият дайындалу маңызды болмақ. Өйткені бірнеше сәтсіз талпыныстан кейін қайта тапсыру қосымша уақыт пен қаржылық шығынды талап етеді.