Рим Папасы Лев XIV Италия астанасындағы Агостино Джемелли атындағы ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Дәрігерлер оның өкпесінен анықталған түйінді алып тастау үшін хирургиялық операция жасамақ.
Oxu.Az агенттігінің Rai Radio-1 радиостанциясына сілтеме жасап хабарлауынша, ота аз инвазивті әдіспен жүргізіледі және бүгін жасалуы мүмкін.
Бұған дейін понтификтің операциядан кейінгі оңалу кезеңі шамамен бір аптаға созылатыны хабарланған. Ватикан Рим Папасының жұмыс кестесіндегі 20 қазанға дейін жоспарланған барлық іс-шараның тоқтатылғанын мәлімдеді. Алайда қараша айының басында Латын Америкасы елдеріне, атап айтқанда Уругвай, Аргентина және Перуге жоспарланған апостолдық сапар әзірге өзгеріссіз қалып отыр.
Лев XIV өкпесіндегі шағын түйінді алып тастау қажеттігін өзі хабарлаған. Оның айтуынша, ерте кезеңде анықталған түйіннің көлемі кішкентай және ол өкпенің басқа бөліктеріне таралмаған.
2025 жылдың мамырында Рим Папасы болып сайланған 71 жастағы понтифик денсаулығындағы кінәрат туралы дәстүрлі жексенбілік уағыз кезінде мәлімдеген. Ватикан дереккөздерінің хабарлауынша, өкпедегі түйін жоспарлы медициналық тексеру барысында анықталған.
Қыркүйекте 71 жасқа толған Лев XIV-тің жалпы физикалық жағдайы жақсы. Ол спортпен тұрақты түрде айналысады.
Понтификті күткен бірнеше жүз адам аурухана ғимаратының алдына жиналған. Олардың арасында журналистер де көп. Соған қарамастан, медициналық мекеме қалыпты жұмысын жалғастырып, науқастарды қабылдап жатыр.
Айта кетейік, Агостино Джемелли ауруханасы кезінде «Үшінші Ватикан» деген бейресми атауға ие болған. Бұған Рим Папасы Иоанн Павел II-нің осы медициналық мекемеде бірнеше рет емделуі себеп болған.
Қазіргі понтификтің алдындағы Рим Папасы Франциск те аталған ауруханада екі рет операция жасатқан. Мұнда ғимараттың 10-қабатында Рим Папаларына арналған арнайы бөлімше бар. Франциск осы мекемеде өкпе қабынуынан бірнеше мәрте ем қабылдаған. Соның бірі 2025 жылы қайтыс боларынан аз уақыт бұрын болған.
Ал Германиядан шыққан Рим Папасы Бенедикт XVI жүрегіне жасалатын медициналық араласуды жекеменшік клиникада өткізуді жөн көрген.