Блогер әрі актриса Жанель Мақажан әлеуметтік желідегі парақшасында жеке өміріне қатысты жазба жариялап, қыздарының әкесіне қатысты мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, үш айдан астам уақыттан бері балаларына әкесі тарапынан моральдық және материалдық қолдау көрсетілмеген, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Мақажанның айтуынша, қыздарының әкесі кеткен кезде бала күтушісі, балабақша, тамақ, киім-кешек және басқа да шығындарды өз мойнына алуға уәде берген. Алайда актриса бұл уәденің орындалмағанын алға тартады.
«Рас, 3 айдан асты әкесі қыздарына моральдық, материалдық көмек көрсетіп жатқан жоқ. Қыздардың әкесі кеткен кезде нянясын, тамағын, садигін, киім-кешек, барлық материалдық жағдайын өз мойныма аламын деген. Сол күйі сөз жүзінде қалды», – деп жазды ол.
Блогер енді мәселені заң аясында шешуге ниетті екенін мәлімдеді. Осы мақсатта ол тәжірибелі адвокат іздеп жатқанын айтты.
Жанель Мақажанның сөзінше, балаларының әкесі түрлі тойлар мен іс-шараларда жұмыс істеп жүр. Осыған байланысты ол оқырмандарынан мұндай іс-шараларда оны көрген жағдайда фото немесе видео жіберуді сұраған.
«Баланы дүниеге әкеліп, оның барлық жауапкершілігінен қашқан адам адамгершілікпен түсінбесе, онда заң қолдану керек деп ойлаймын», – деді актриса.
Сонымен қатар Мақажан ажырасудан кейінгі жағдайдың өзі үшін күтпеген бағыт алғанын жасырмады.
«Жалпы, “еркекті танығың келсе, ажырасып көр” деген ұғым бар. Біздің жағдайымыз сол сөздің дәлелі болып тұр», – деп жазды ол.
Айта кетейік, бұл – Жанель Мақажанның әлеуметтік желіде жариялаған жеке мәлімдемесі. Қыздарының әкесі тарапынан айтылған жайттарға қатысты пікір әзірге берілген жоқ.