$ 441.77
€ 502.38
₽ 5.23

Бірнеше рет шағымданған: Астандағы автотұрақтағы әйел өлімінен кейін төрт экс-полицей қамауға алынды

Редактор
29.09.2026, 15:26
коллаж
коллаж
Астанада әйел өлімінен кейін төрт экс-полицей қамауға алынды

Астанада бұрынғы күйеуі өлтірді деген күдікпен тергеліп жатқан әйелдің ісіне байланысты төрт бұрынғы полиция қызметкері ұсталды. Кісі өлтіруге күдіктінің өзі де бұрын полицияда жұмыс істеген, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

29 қыркүйекке қараған түні «Сарыарқа» ауданы полициясының тергеушісі мен учаскелік инспекторы, сондай-ақ «Нұра» ауданының екі учаскелік инспекторы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олар ҚК-нің 371-бабының 2-бөлігі бойынша жүргізіліп жатқан тергеу аясында ұсталған.

Төрт қызметкер де 28 қыркүйекте теріс себептермен жұмыстан шығарылған. Сондай-ақ Полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметінен босатылды.

Қайғылы оқиға 23 қыркүйекте болған. Тергеу материалдарына сәйкес, 1996 жылы туған әйел бұған дейін бұрынғы күйеуінің ұрып-соққаны, зорлағаны және қорқытқаны туралы полицияға бірнеше рет жүгінген.

23 қыркүйекте бұрынғы ерлі-зайыпты үй маңындағы автотұрақта кездескен. Тергеу нұсқасы бойынша, Haval M6 көлігінің ішінде жанжал шығып, 1993 жылы туған Т. Камиден әйелге 13 рет пышақ жарақатын салған. Әйел оқиға салдарынан көз жұмды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Белгілі болғандай, ер адамға бұған дейін екі рет қорғау нұсқамасы берілген. 7 және 9 қыркүйекте оның бұрынғы әйелін пышақпен қорқытқаны туралы да деректер бар.

22 қыркүйекте әйелдің арызына қатысты материал полицияда болған. Прокуратура істі қайта саралауды тапсырғаннан кейін Т. Камиден босатылған. Келесі күні әйел қаза тапты. Күдікті 2014 жылдан 2026 жылғы 29 шілдеге дейін ішкі істер органдарында қызмет еткен. Бұрынғы ерлі-зайыпты 14 қыркүйекте ресми түрде ажырасқан.

Қазір ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті марқұмның арыздарын қараған полицейлердің әрекеттерін тексеріп жатыр. Төрт экс-полицейге қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау