Қойшы бала лақап атымен танылған Айдос Кәден тағы да продюсер ауыстырды. Бұл туралы ол НТК арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Еске салайық, осыдан 4 жыл бұрын өнерін қойларына көрсетіп жүрген жас талантты, Жігер Ауыпбаев ауыл қорасынан суырып алып, сахнаға шығарған-ды.
Алайда Жігер Ауыпбаев пен Қойшы баланың жұмысы ұзаққа бармады. Шәкірті мен ұстазы бір-біріне деген өкпесін әлеуметтік желіде жарыса жазған еді. Даудың арты продюсерді ауыстырумен шешілді ме деп ек, бірақ көп ұзамай, әнші бала ол жетекшімен де тіл табыса алмаған.
– Мен ол кісімен ұзаққа барғым келген жоқ. Кейде ұрсысып қаламыз. Ұзаққа шаппайтынымыз белгілі болды. Енді мен оны әрі қарай созып, құр босқа жүргім келген жоқ. Сол жерден тоқтаттым, - дейді әнші Айдос.
Оған себеп процесстің жоқтығы деп ақталды, қойшы бала. Продюсерімен жұмысы ұнамаса өзі тоқтатып, артынша бірден жаңа жетекші табуға еті үйренген Айдос бұл жолы да әдетінен танбады.
– Қазір тағы да жаңа продюсермен жұмыс істеп жатырмыз. Сыйластық бар бір біріміздің ортамызда, - дейді ол.
Жаңа продюсер танымал қойшы баланың тұрақсыздығынан қорықты ма белгісіз, бірден келісімшартқа отыруды ұсынған:
– Қазір 5 жылға келісімшартқа отырдық. Егер де кімде-кім бірінші келісім-шартты бұзатын болса, айыппұл 17 миллион теңге, - дейді ол.
Әли Нұржанов, продюсер:
«Қойшы баланың брендін қалыптастыру керек. Әлі ол әлі қалыптаспаған бала. Оны барынша жоғарыға қарай шығарсақ деген ниет бар»
Өнер иелерінің жұмыс істегеніне әлі 1 ай толмаған. Бірақ, әнді де жазып, бейнебаян да түсіріп үлгерген.