Аймақ

Мәжіліс депутаты Алматыдағы кептелісті шешудің бірнеше жолын ұсынды

18:15, 19 қараша 2025 32

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Алматы қаласындағы кептелісті шешудің бірнеше жолын ұсынды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Данияр Қасқарауовтың айтуынша, Алматыда соңғы жылдары халық саны күрт өскен. Көшелері сенбі-жексенбі күндері де кептелістен көз ашпайды. Ал қалаға кіріп-шығатын жолдармен жүру тіпті мүмкін емес.

"Бір ғана мысал келтірейін: Алматы мен Қаскелеңнің арасы небәрі 20 шақырым. Сол жолды жүріп өту үшін екі сағат уақыт кетеді. Жұрттың жүйкесін тоздырған жол азабын азайту үшін Үлкен Алматы айналма жолы да (БАКАД) салынған болатын. Бірақ ол мәселені мүлде шешпеді.

Тәулігіне Алматыға сырттан 500 мың көлік кіреді екен. Алайда қала іргесіндегі жолдар мен оның көлік өткізу қарқыны мұндай нөпірге есептелмеген. Тіпті шаһардың шыға берістеріне салынған жолайырықтар мен көпірлер де көмектеспей жатыр.

Өйткені қалаға жақын орналасқан Қарасай, Жамбыл, Талғар, Іле аудандарында бір миллионға жуық халық тұрады. Соның басым көпшілігі Алматыға күнделікті қатынап жұмыс істейді, оқиды немесе бала-шағасын мектепке тасиды. Салдарынан қалаға кіріп-шығар жолдар күні-түні иінтіресіп тұрады.

Бұл мәселе бұған дейін де бірнеше мәрте айтылды, жазылды. Бірақ әлі күнге шешімін таппай келеді. Сондықтан Алматы мен оның айналасындағы халықтың бас ауруына айналған "жол азабын" шешудің бірнеше жолын ұсынғым келеді", - деді мәжіліс депутаты.

Данияр Қасқарауов кептеліс мәселесін шешу үшін келесі ұсыныстарын айтты:

Алматының орталық күре жолы саналатын Абай даңғылын Қаскелең қаласына дейін ұзарту керек. Бұл көп шығынды қажет етпейтін жоба. Өйткені мемлекет мұқтаждығы үшін алынатын жер телімдері мен коммерциялық нысандар жол бойында өте аз. Сондай-ақ жол түсетін аумақта инженерлік желілерді көшіру қажеттілігі жоқ.

Үлкен Алматы айналма жолынан Ұзынағашқа дейін тағы бір қосымша жол салу керек. Ол Қытайдан шыққан жүк көліктерінің кептеліссіз Алматыны айналып өтуіне мүмкіндік береді. Бұл трасса түсетін жер телімдері жекеменшікке сатылмаған. Болашақ жол құрылысы үшін жергілікті әкімдіктің балансында тұр. Тек жоба дайындап, құрылысты қазір-ақ бастап кетуге мүмкіндік бар.

Сайын көшесін ұзартып, Алматы-Астана трассасына дейін жеткізу керек. Бұл Балқаш, Қарағанды, Астана бағытында қатынайтын көліктердің жолын қысқартып, уақытын үнемдейді. Сондай-ақ Алматы-Қаскелең жолындағы көлік жүктемесін едәуір азайтады.

"Осы айтылған ұсыныстар 2023 жылы жасалған Алматы агломерациясын дамыту туралы бас жоспарға енгізілген. Бірақ қашан жүзеге асырылытыны белгісіз. Мамандар үш жобаны толық аяқтауға шамамен 100-150 миллиард теңге қаражат қажет дейді. Өмірінің жартысы жолда өтіп жатқан халықтың мәселесін шешу үшін бұл жобаларды кезек күттірмей қолға алу керек", - деп сөзін түйіндеді депутат.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз